Женева, 2026 жылғы 22 қазан – Қазақстан Республикасының БҰҰ бөлімшесі және Женевадағы басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан Парламентаралық одақтың (ПАО) Бас хатшысы Анда Филиппен кездесу өткізді. Тараптар парламенттік дипломатияны дамыту перспективаларын және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша бірлескен бастамаларды ілгерілету мүмкіндіктерін талқылады.
Е. Қазыхан Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық өзгерістер, оның ішінде Қазақстан Республикасының бір палаталы Құрылтайына көшу туралы хабардар етті. Ол парламенттік құрылымның жаңа моделі заң шығару қызметінің тиімділігін арттыруға және тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтуға бағытталғанын атап өтіп, Қазақстанның ПАО-мен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Кездесу барысында тараптар халықаралық гуманитарлық құқық, су және биологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау және конфессияаралық диалог мәселелері бойынша пікір алмасты. Парламенттер қызметінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдануға ерекше назар аударылды.
Тараптар сондай-ақ Женева мен Қазақстанда бірлескен іс-шаралар өткізу мүмкіндіктерін, соның ішінде парламенттік қызметке заманауи технологияларды енгізу тәжірибесімен алмасуға бағытталған іс-шараларды қарастырды.
А. Филип қазақстандық парламентарийлердің ПАО қызметіне белсенді қатысуын және халықаралық парламенттік диалогты дамытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты жұмыс байланыстарын қолдауға және талқыланған бастамаларды одан әрі пысықтауға дайын екендерін растады.








