Қазақстанда жылыту маусымына дайындық аясында 377 км жылу желісі жөнделді

    1 / 6

    Бүгін Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде жылыту маусымының барысына қатысты мәселелер бойынша Республикалық штабтың кезекті отырысы өтті.
    Отырысқа өңірлер әкімдіктерінің басшылығы, «KEGOC», «Самұрық-Энерго», «ЦАЭК», «Қазақстан темір жолы» ҰК, «QazaqGaz Aimaq», «Қаражыра», «Шұбаркөл көмір», «Шұбаркөл Премиум» акционерлік қоғамдарының, «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС-нің өкілдері, сондай-ақ еліміздің энергетикалық кәсіпорындарының басшылары қатысты.
    Комитет төрағасы Ернар Хасенов жылыту маусымын өткізу кезеңіндегі негізгі міндеттерді атап өтіп, энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етудің, тұтынушыларды тұрақты жылумен жабдықтаудың және көмірмен уақтылы қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
    Бүгінгі таңда еліміздің 18 өңірінде жылыту маусымы жоспарлы режимде басталды. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жылыту маусымын бастау бекітілген кестелерге сәйкес жоспарланған.
    Күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында электр және жылу желілеріндегі жоспарланған жөндеу жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, 17,1 мың км электр беру желісі, 444 қосалқы станция және 3 408 тарату құрылғысы мен трансформаторлық қосалқы станция жөнделді.
    Сонымен қатар, жылу желілерін жаңғырту бойынша жоспарланған көлем – 377 км бойынша күрделі жөндеу толық аяқталды. Жөндеу жұмыстарының ең ауқымды көлемі Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында іске асырылды.
    Электр станцияларында жылыту маусымынан өтуге қажетті жабдықтар жұмыс істеуде, сондай-ақ жөндеу науқаны жалғасуда. 2026 жылы 9 энергияблок, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күні 8 энергияблок, 47 қазандық пен 31 турбинаның жөндеуі аяқталды.
    Көмірмен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Энергетикалық кәсіпорындардың қоймаларындағы көмір қоры 5,7 млн тоннаны, мазут қоры 130 мың тоннаны құрайды. Алдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге деген қажеттілігі 7,3 млн тонна көлемінде бағаланады. Жылыту маусымының басталуы кезеңіне 3,5 млн тонна көмір дайындалды.
    Кеңес барысында көмірді үздіксіз жеткізуді бақылауды күшейту, көмір тапшылығына және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу қажеттігі атап өтілді.
    Сондай-ақ отырысқа қатысушылар жекелеген энергия өндіруші кәсіпорындар мен өңірлердің жұмысындағы проблемалық мәселелерді қарастырды. Әрбір мәселе бойынша нақты тапсырмалар мен оларды орындау мерзімдері белгіленді.
    Отырыс қорытындысы бойынша Ернар Хасенов энергетикалық нысандардың сенімді жұмысын қамтамасыз етуді, технологиялық бұзушылықтарды жедел жоюды және жылу желілерінде температуралық режимнің сақталуын тапсырды. Бұдан бөлек, көмір тұйықтарының жұмысын күнделікті бақылауды күшейту міндеттелді.
    Халықты сенімді энергиямен жабдықтау және жылыту маусымының тұрақты өтуі Комитеттің ерекше бақылауында.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі" жаңалықтары