Энергетика министрлігі Құрылтай депутаты Бекжан Әлімқұловпен бірлесіп, Digital Qazaqstan стратегиясының міндеттерін іске асыру аясында жанар-жағармай материалдарын өткізу нысандарына барып, олардың жұмысымен танысты.
Іс-шараға Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс, Қазақстанның отын қауымдастығының және «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ өкілдері қатысты.
Автожанармай құю станциясы мен мұнай базасына бару барысында қатысушылар мұнай өнімдерін өлшеу және есепке алудың қолданыстағы жүйелерімен, сондай-ақ оларды қабылдау, сақтау және босату үдерістерімен танысты.
Есепке алу деректерінің дұрыстығын қамтамасыз ету, оларды автоматты түрде беру, ақпараттық жүйелерді интеграциялау және мұнай өнімдерінің айналымын цифрлық бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, «ҚазМұнайГаз» алаңында Қаржы министрлігінің өкілдері мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаевтың қатысуымен мұнай өнімдерінің айналымын мониторингтеу мен талдауға арналған цифрлық құралдардың мүмкіндіктері көрсетілді.
Жүргізіліп жатқан жұмыс Digital Qazaqstan стратегиясының негізгі бағыттарының бірі – энергетикалық ресурстар қозғалысын толық цифрлық қадағалауды қамтамасыз ету міндетін іске асыруға бағытталған. Бұл ретте қамтудың нысаналы көрсеткіштері 2026 жылы – 20%, 2027 жылы – 60%, ал 2028 жылы 80% деңгейінде белгіленген.
Мұнай мен мұнай өнімдерінің ұңғымадан бастап автожанармай құю станциясына дейінгі барлық кезеңдегі қозғалысын бірыңғай цифрлық есепке алу жүйесін қалыптастыру есептік деректердің өзара сәйкестігін қамтамасыз етуге, алшақтықтарды уақтылы анықтауға, ресурстардың жоғалуын азайтуға және олардың айналымының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және отын-энергетика кешенінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мұнай өнімдерін есепке алу мен бақылаудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру, салалық ақпараттық жүйелерді интеграциялау және заманауи аналитикалық құралдарды енгізу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.









