1 / 10
25 қазан – Республика күніне орай «Қыран елім – Қазақстаным» атты салтанатты жиын өтті. Ұлттық мерекеге арналған шара елдігімізді ұлықтап, тәуелсіздігімізді дәріптеу, отансүйгіштік рухты нығайту және ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін бағалау мақсатында ұйымдастырылды.
Мерекелік шарада аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға ізгі тілегін білдірді.
Мереке аясында ауданның өркендеуіне және қоғамның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды. Атап айтқанда, Түркістан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі табысталып, облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.
Жиын барысында аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары патриоттық әндер орындап, ұлттық өнерімізді ұлықтаған әсем музыкалық тартуларын ұсынды. Мерекелік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін арттырды.
Республика күні – азаттықтың айғағы, елдіктің тұғыры, бірлік пен татулықтың символы. Тәуелсіз Қазақстанның тұғырын биіктетіп, туған жеріміздің өркендеуіне үлес қосу – баршамызға ортақ міндет.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі









