Құрметті Бәйдібек ауданының тұрғындары!
Баршаңызды еліміздің ең қастерлі мерекелерінің бірі – “25 қазан – Республика күнімен” шын жүректен құттықтаймын!
Республика күні – еліміздің егемендікке ұмтылысын айқындаған, мемлекеттілігіміздің негізін қалаған тарихи күн. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды қадамы болды. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда еліміз өз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде жаңа тарихи кезеңге қадам басты.
Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 35 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде еліміз әлемдік қауымдастықтан өз орнын тауып, саяси, экономикалық және әлеуметтік даму жолында толайым жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде көк байрағымыз биікте желбіреп, елдігіміз нығайып, болашаққа деген сеніміміз арта түсуде.
“Тәуелсіздіктің тұғыры – ел бірлігі, ал ел дамуының негізі – халықтың адал еңбегі”. Сондықтан әрбір өңірдің өркендеуі, әрбір ауылдың көркеюі, тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы еліміздің ортақ жетістігі саналады.
Осы бағытта Бәйдібек ауданында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы инфрақұрылымды дамыту, елді мекендерді ауыз сумен және табиғи газбен қамту, жолдарды жөндеу, халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Бүгінде ауданымыздағы 50 елді мекеннің барлығы ауыз сумен қамтылған. Табиғи газбен қамту деңгейі де артып келеді. Әлеуметтік нысандардың жаңаруы мен жаңа спорттық ғимараттардың пайдалануға берілуі тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, әсіресе өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына мүмкіндік беруде.
Әрине, алда атқарылар міндеттер де аз емес. Біздің басты мақсатымыз – ауданның әлеуетін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу және келер ұрпаққа гүлденген өлке қалдыру. Бұл жолда бірлігімізді бекем ұстап, ортақ іске жұмыла еңбек етуіміз қажет.
Құрметті жерлестер!
Туған жеріміздің өркендеуі мен еліміздің болашағы – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, тәуелсіздігіміздің тұғыры нығая берсін! Әр шаңыраққа бақ-береке, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Бәйдібек ауданы көркейіп, еліміздің мерейі үстем болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі, Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін!









