Қазақстан мен Қытайдың қатысуымен энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша халықаралық диалог

    1 / 3

    Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің отын-энергетика кешені мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесінің энергетика комитетінің төрағасы Алмаз Абилдаев Қытай Халық Республикасының Ляонин провинциясындағы Шэньян қаласында өтіп жатқан Жаһандық Оңтүстіктің талдау орталықтарының IV диалогына қатысуда.

    Қазақстандық сарапшының форумға қатысуының негізгі бағыты халықаралық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сын-қатерлері мен перспективаларына арналған арнайы энергетикалық сессия болды. Бұл диалог геосаяси және экономикалық жағдайдың өзгеруі жағдайында отын-энергетика кешенін орнықты дамыту бойынша үйлестірілген тәсілдерді әзірлеу мақсатында дамушы мемлекеттердің жетекші сарапшыларын біріктіретін маңызды халықаралық алаң болып табылады.

    Форум аясында Алмаз Абилдаев Қазақстанның өңірлік және жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі стратегиялық рөліне арналған баяндама жасады.

    Өз сөзінде ол теңгерімді энергетикалық архитектураны қалыптастыру жөніндегі Қазақстанның ұстанымын жан-жақты таныстырды. Қазақстандық сарапшы энергетикалық қауіпсіздіктің бөлінбейтін сипаты технологияларға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді, аса маңызды инфрақұрылымды қорғауды және ұлттық энергетикалық жүйелердің сенімділігіне нұқсан келтірмейтін декарбонизация үдерістеріне байыпты көзқарасты талап ететініне ерекше назар аударды.

    «Бүгінде энергетикалық қауіпсіздік мәселелері жаһандық күн тәртібінің алдыңғы қатарына шықты. Шэньяндағы Альянс алаңында талдамалық әлеуетті біріктіру энергетикалық тасымалдау дәліздерін қорғаудан бастап сұраныс пен ұсыныс теңгерімін қамтамасыз етуге дейінгі бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге бірлесіп жауап іздеуге мүмкіндік береді. Еуразиядағы негізгі энергетикалық ойыншылардың бірі ретінде Қазақстан үшін халықаралық энергетикалық ынтымақтастықта болжамдылық, өзара сенім және прагматизм қағидаттарын ілгерілету аса маңызды», — деп атап өтті Алмаз Абилдаев.

    Шэньян қаласында өтіп жатқан энергетикалық форум аясында жаһандық энергетикалық нарықтарға мониторинг жүргізу саласындағы бірлескен талдамалық жобаларды үйлестіру мақсатында жетекші шетелдік зерттеу институттарының басшыларымен бірқатар жұмыс кездесулері де өткізілуде.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі" жаңалықтары