Ақтөбеде кәсіпкерлікті дамыту, қаржылық қолдау тетіктерінің қолжетімділігі және бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. «Бизнес тынысы: қаржы және өсу» атты салық форумында өңір экономикасының дамуына үлес қосқан кәсіпкерлер марапатталып, «Адал кәсіпкер» акциясының қорытындысы шығарылды.
Іс-шара 29 қазанда, Қазақстан кәсіпкерлері күніне орай Өнер орталығында өтті. Форумды облыс әкімдігі, Қазақстан бухгалтерлер мен аутсорсерлер қауымдастығы және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды.
Бүгінде кәсіпкерлік Ақтөбе облысының экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күштерінің бірі саналады. Өңірде 86 мыңнан астам белсенді кәсіпкер бар. Бұл салада 176 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев кәсіпкерлік саласының өңір экономикасын дамытудағы, жаңа жұмыс орындарын ашудағы және халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызын алға тартты.
«Шағын және орта бизнесті дамыту өңірдің экономикалық өсімімен, жаңа жұмыс орындарын құрумен және халықтың әл-ауқатын арттырумен тікелей байланысты. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлердің өндірісті дамытуына, жаңа шешімдерді енгізуіне және жобаларын сенімді жүзеге асыруына қажетті жағдай жасау. Мемлекет бизнес үшін сенімді серіктес болуы керек», – деді Асылбек Есенбаев.
Сондай-ақ ол өңірдің өнеркәсіп саласындағы даму бағыттарына тоқталып, KazFeltec, Capital Plast KZ және Ort tehnika-Qazaqstan компанияларының қызметін атап өтті.
Биыл кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелендіруге 1,9 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 65-тен астам жоба қолдау тапты.
Форумда кәсіпкерлік қызметтің ашықтығы, салық міндеттемелерін сақтау және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелеріне де ерекше назар аударылды. «Адал кәсіпкер» өңірлік акциясының қорытындысы бойынша жеті номинацияда жеңімпаздар марапатталды. Олар: «Үлгілі салық төлеуші», «Жауапты жұмыс беруші», «Қауіпсіз кәсіпорын», «Әлеуметтік жауапты бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін», «Ашық бизнес», «Үздік шағын бизнес» және «Үздік өндірістік кәсіпорын».
«Нектар» өндірістік кооперативінің құрылтайшысы, меценат Шамиль Каспранов, «Дастан» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов және «Алгабас А» ЖШС құрылтайшысы Азамат Өтепбергеновке және тағы да басқа кәсіркерлерге облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар табысталды.
Бизнес пен мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Ақтөбе қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев, Әйтеке би ауданының өкілі Алтынгүл Доданова, Қобда ауданының өкілі Күнзия Төлешева және Темір ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Есенбол Жолдығаринге естелік статуэткалар берілді.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың және әкімшілік кедергілерді азайтудың маңызын алға тартты. Сонымен қатар Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алғыс хаттарымен бизнес-қоғамдастық өкілдері, оның ішінде жас кәсіпкерлер марапатталды.
«ТоСТ+» ЖШС директоры Бақыт Сүлейменов Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Іске адалдығы үшін» медаліне ие болды.
Форум қаржылық қолдау тетіктерін жетілдіру, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы әріптестікті нығайту және өңірде жауапты кәсіпкерлік тәжірибесін дамыту мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.









