Ақтөбедегі «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 2008 жылы туған және одан кіші жастағы ұлдар мен қыздар арасында жүзуден Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр.
Республикалық додаға еліміздің облыстарынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген 27 команда құрамында 334 спортшы қатысуда. Оның ішінде 199 ұл және 135 қыз бар.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Ақтөбе облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов пен жүзуден Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Андрей Гершевич қатысқан еді.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Мейрамбек Махамбетов елімізде жүзу спортының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, чемпионатты Ақтөбеде өткізуге қолдау білдірген Туризм және спорт министрлігі мен жүзу федерациясына алғысын жеткізді.
Чемпионат аясында спортшылар еркін стиль, баттерфляй, шалқалап жүзу, брасс және кешенді жүзу бойынша түрлі қашықтықтарда бақ сынауда. Сондай-ақ эстафеталық жарыстар өтуде.
Жарыс 30 қазанға дейін жалғасады.








