Облыс әкімі Aqualia компаниясымен сумен жабдықтау және су бұру саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

    1 / 12

    Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов су шаруашылығын басқару бағытында маманданған халықаралық Aqualia компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары, Атырау қаласының әкімі және компанияның Кавказ және Орталық Азия бойынша GGU Group пен GWP (Tbilisi Waters) бас директоры Хосе Мигель Гонсалес, бизнесті дамыту жөніндегі директор Ираклий Бабухадия және өндіріс жөніндегі директор Виктор Гутьеррес қатысты.

    Болат Ақшолақов делегацияға кәріз инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамытуды қарастыратын, Атырау қаласы рельефінің ерекшеліктері мен жерасты суларының жоғары деңгейі ескеріле отырып дайындалған су бұру жүйесін дамытудың тұжырымдамасын таныстырды.

    Тараптар ақаба суды тазартатын қолданыстағы нысандардың техникалық жағдайын да талқылады. Осы орайда Aqualia сарапшыларының көмегімен техникалық аудит жүргізу мүмкіндігі де қарастырылу үстінде.

    Талқылауда су ресурстарын басқару ауызсудың сапасы мен ақаба суды тазартудан бастап, шығынды азайту мен тазартылған суды техникалық қажеттілікке қайта пайдалануға дейін кешенді түрде қаралуы керегі де баса айтылды.
    Бұл техникалық суға деген сұранысы жоғары өнеркәсіптік аймақ ретінде Атырауға өте өзекті.

    Aqualia өкілдері компанияның 19 елде 45 миллион адамға қызмет көрсететін айтып, соның бір мысалы ретінде Тбилиси мен Руставидің су шаруашылығын басқарудағы тәжірибесін ортаға салды. Олардың айтуынша, Грузияда төрт жыл жұмыстың нәтижесінде энергия тұтыну мен су шығыны 30%-ға төмендеген.

    Екі жақ ынтымақтастықтың форматтарын, техникалық жағынан қолдау, аудит және инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырудың әртүрлі үлгісін талқылады.

    — Сумен жабдықтау және су бұру — біртұтас цикл, оны жүйелі түрде қарастырылуы шарт. Жобаларды іске асыру кезінде бүгінгі міндеттерді орындап қана қоймай, болашақта да сапалы, сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек, — деп атап өтті Болат Ақшолақов.

    Aqualia қарашада Атырауға сарапшылар тобын жіберуді жоспарлап отыр. Олар нысандарды, су арнасының жұмысын зерделеп, сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің техникалық, коммерциялық және қаржылық жағдайын бағаламақ. Соның нәтижесіне сүйеніп, жыл аяғына дейін алдағы ынтымақтастыққа қатысты ұсыныстарды алға тартпақ.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары