Мемлекеттік қызметтегі адалдық, қызметтік жауапкершілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мәселелері Мойынқұм ауданында өткен дәрістің негізгі тақырыбына айналды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы аясында «Нығмет-Нұры» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған іс-шара полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен өтті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және сыбайлас жемқорлыққа қарсы нөлдік төзімділік» тақырыбындағы дәріс құқықтық сауаттылықты арттыруға, қызмет барысында заңдылық пен әдеп талаптарын сақтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Ернар Нұрболұлы Жылысбаев қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын түсіндірді. Ол қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі жауапкершілікке, қызметтік әдеп нормаларын ұстануға және лауазымдық өкілеттіктерді адал атқарудың маңызына тоқталды.
Дәріс барысында мүдделер қақтығысына жол бермеу мәселесіне де назар аударылды. Мемлекеттік қызметте шешім қабылдау кезінде әділдік пен бейтараптықты сақтау, жеке мүддені қызметтік міндеттен жоғары қоймау және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік таныту қажеттігі атап өтілді.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті жұмысы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне тікелей әсер етеді. Сондықтан қызметтік әдепті сақтау, адамдармен қарым-қатынаста әділ болу және әрбір міндетке жауапкершілікпен қарау сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің маңызды бөлігі саналады.
Осындай түсіндіру жұмыстары қызметкерлердің құқықтық білімін жетілдіріп, адал қызмет ету қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ міндеті. Ал заңдылық, адалдық және әділдік осы жұмыстың берік негізі болуы тиіс.









