Мемлекеттік қызметтегі адалдық пен жауапкершілік мәселелері талқыланды

    1 / 3

    Мемлекеттік қызметшінің әрбір шешімі мен іс-әрекеті қоғамның мемлекеттік органдарға деген сеніміне әсер етеді. Сондықтан қызметтік міндеттерді адал атқару, әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі болуы тиіс. Осы мәселелер мемлекеттік қызметшілерге арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және сыбайлас жемқорлыққа қарсы нөлдік төзімділік» тақырыбындағы ақпараттық-түсіндіру сағатында қаралды.

    Іс-шара мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға және оның кез келген көрінісіне төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға бағытталды.

    Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Ернар Нұрболұлы Жылысбаев қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын түсіндірді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі жауапкершілігі мен әдеп нормаларын сақтау мәселелеріне тоқталды.

    Кездесуде мүдделер қақтығысына жол бермеу, шешім қабылдау барысында ашықтық пен әділдікті ұстану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қызметтік өкілеттіктерді жеке мүдде үшін пайдаланбау және азаматтарға бейтарап қарым-қатынас таныту адал қызметтің маңызды шарттары екені айтылды.

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы нөлдік төзімділік оның кез келген көрінісін қалыпты құбылыс ретінде қабылдамаудан басталады. Бұл ұстаным мемлекеттік қызметшінің кәсіби білімімен қатар, жеке жауапкершілігіне, қызметтік тәртібі мен күнделікті әрекетіне де байланысты.

    Ақпараттық-түсіндіру сағатында көтерілген тақырыптар мемлекеттік қызметтегі адалдық пен ашықтықтың маңызын айқындады. Құқықтық сауаттылықты арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін құрметтеуге және қоғам сенімін арттыруға ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Мойынқұм ауданының әкімдігі" жаңалықтары