26 қазанда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының "Канал" өңірлік есірткіге қарсы операциясы аясында "Канал – Каспий шамшырағы" субөңірлік операциясы басталды.
Іс-шара ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі құзыретті органдардың уәкілетті өкілдері кеңесінің шешімі негізінде өткізіледі. Операцияға Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы құзыретті органдарының уәкілетті өкілдері қатысады.
Бақылаушылар ретінде іс-шараға Иран Ислам Республикасы мен Қытай Халық Республикасының өкілдері, Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының (ЦАРИКЦ), Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАГ), сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кеден қызметтері басшылары кеңесінің құқық қорғау бөлімшелері басшылары комитетінің өкілдері қатысады.
Операцияның негізгі мақсаты – есірткінің заңсыз айналымы арналарын анықтау және олардың жолын кесу, есірткінің мемлекеттік шекаралар арқылы тасымалдануына жол бермеу, сондай-ақ есірткі бизнесіне қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметіне қарсы іс-қимыл жасау.
Операция аясында көлік инфрақұрылымы нысандарында, соның ішінде әуежайларда, теңіз және өзен порттарында, теміржол тораптары мен станцияларында іздестіру, бақылау-тексеру және жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізу көзделген. Жүк пен багажда, жүк жөнелтілімдерінде және халықаралық пошта жөнелтілімдерінде тыйым салынған заттарды тасымалдау фактілерін анықтауға ерекше назар аударылады.
Бұдан бөлек, есірткіні тарату үшін ақпараттық технологияларды пайдалануға байланысты қылмыстарды анықтау, қару мен оқ-дәрілердің заңсыз айналымының жолын кесу, сондай-ақ есірткі қылмыстарынан алынған кірістерді заңдастыру фактілерін анықтау шаралары қарастырылған.
Құзыретті органдардың халықаралық өзара іс-қимылы есірткі трафигінің трансұлттық арналарына қарсы күресте күш біріктіруге, жедел ақпарат алмасудың тиімділігін арттыруға және операцияға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Операция 26–30 қазан аралығында өткізіледі.








