Павлодар облысында абаттандыру қағидаларын бұзудың 6 мыңнан астам дерегі тіркелді.
"Таза Қазақстан" жалпыұлттық бастамасы аясында Павлодар облысында полицейлер абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылау және қоғамдық орындардың ластануының алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Негізгі назар рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болатын аумақтарға аударылуда. Полиция қызметкерлері тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға тастайтын, сондай-ақ лас суды рұқсат етілмеген жерлерге төгетін азаматтарды анықтауда.
Мәселен, Павлодар қаласындағы Малайсары батыр көшесінде орналасқан нысандардың бірінің иесі аумақта қоқыстың жиналуына жол берген. Ал Ертіс ауданына қарасты Голубовка ауылында жергілікті тұрғын өз ауласының сыртындағы ортақ пайдаланылатын аумаққа күл төгіп, абаттандыру қағидаларын бұзған. Аталған фактілер бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.
Жыл басынан бері өңір полицейлері абаттандыру саласында 6247 құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Полиция тұрғындарды тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапкершілікпен қарап, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға шақырады. Қоғамдық орындардың ластанғанын немесе құрылыс және басқа да қалдықтардың белгіленбеген жерлерге төгілгенін байқасаңыз, 102 нөміріне хабарлаңыз.









