Ресми құжаттарға апостиль қою

    Ресми құжаттарға апостиль қою – құжатқа қол қойған тұлғаның қолының түпнұсқалығын, оның құжатқа қол қою кезіндегі өкілеттігін, сондай-ақ құжат бекітілген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын растау рәсімі. Бұл рәсім 1961 жылғы Гаага конвенциясына қатысушы мемлекеттердің аумағында құжатты ұсыну үшін жүргізіледі.
    Апостиль қою жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызмет аумақтық әділет органдары тарапынан эксаумақтық қағидат бойынша көрсетіледі.
    Қызметті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдарының ХҚКО-лары арқылы да, сондай-ақ «электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық форматта да алуға болады. Портал арқылы жүгінген кезде өтінішке апостиль қойылатын құжаттың сканерленген көшірмесі қоса беріледі. Мемлекеттік бажды төлеу электрондық үкіметтің төлем шлюзі арқылы жүзеге асырылады. Өкіл жүгінген жағдайда «өзге құжаттар» бөліміне сенімхат қоса беріледі. Көрсету мерзімі – 1 жұмыс күні.
    Мемлекеттік корпорация арқылы қызмет алу үшін:
    апостиль қоюға арналған өтініш;
    апостиль қойылуға жататын құжат;
    мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат;
    өкіл жүгінген жағдайда – тиісті сенімхат;
    көзделген жағдайларда – құжатты берген мемлекеттік органның қолтаңбасы мен мөр бедерінің үлгісі ұсынылады.
    Көрсету мерзімі – 2 жұмыс күні.
    Мемлекеттік баждың мөлшері әрбір апостиль қойылатын құжат үшін 0,5 АЕК (2 162,5 теңге) құрайды.
    Апостиль Қазақстан Республикасының әділет органдарынан, азаматтық хал актілерін тіркеу органдарынан, өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға қойылады. Оларға туу туралы, неке қию немесе некені бұзу туралы, қайтыс болу туралы куәліктер, нотариаттық куәландырылған құжаттар, нотариустар куәландырған құжаттардың көшірмелері мен аудармалары және басқа да ресми құжаттар жатады.
    Қазіргі уақытта e-Apostille платформасы арқылы электрондық апостильді дамыту ерекше маңызға ие. Электрондық апостиль электрондық түрде қалыптастырылады және мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін электрондық үкімет порталы арқылы қашықтан алуға мүмкіндік береді.
    Бүгінгі таңда электрондық апостиль 65 елде пайдалануға арналған құжаттарға қолданылады. 2026 жылдың 9 айында Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментіне апостиль қоюға 1 944 құжат келіп түсті, оның 1 785-і (91,8%) электрондық үкімет порталы арқылы берілді. Бұл көрсеткіш мемлекеттік көрсетілетін қызметті электрондық форматта алуға сұраныстың жоғары екенін және апостиль қою рәсімінің цифрлық форматқа біртіндеп көшіп жатқанын көрсетеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаменті" жаңалықтары