Ұлттық ұлан сарбазы жоғары оқу орнының білім грантын жеңіп алды

    1 / 3

    Қарағанды облысында өткен "Тұлпар мініп, ту алған" жыр бәйгесінің қорытындысы бойынша ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі жоғары оқу орнының білім грантына ие болды.

    Ұлттық ұланның "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінің сарбазы Мұхамедәлі Әбдуәли байқауда жоғары нәтиже көрсетіп, І орынды иеленді. Жеңімпазға "Bolashaq" академиясының білім гранты табысталды.

    Аталған жыр бәйгесі Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен және облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді. Пилоттық жобаға 500-ден астам жас сарбаз бен 100-ден астам әскери жетекші қатысуға ниет білдірді.

    Байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақтың ана тіліне деген құрметін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау және әскери қызметшілердің зияткерлік әлеуетін дамыту.

    Мұхамедәлі Әбдуәлидің жеңісі – әскери қызмет пен білімге деген ұмтылысты қатар алып жүруге болатынын көрсететін жарқын үлгі. Оның жетістігі өзге сарбаздарға да жігер беріп, білім мен ұлттық мұраны тануға деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз.

    Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген сарбаздардың осындай жетістіктері – өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырудың маңызды бөлігі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары