Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қуандық Төлеубеков Қылышбай ауылының тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің өзекті мәселелері мен алдағы даму бағыттарын талқылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған жиында ауылдық округте атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер сөз болды.
Кездесу барысында тұрғындар ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға қатысты бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауыз сумен қамтамасыз ету, ауыл ішіндегі үш көшеге асфальт төсеу, көше жарығын көбейту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қосымша бейнебақылау камераларын орнату жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар аудан елді мекендерін табиғи газбен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе бойынша аудан әкімінің міндетін атқарушы Қуандық Төлеубеков пен тиісті сала басшылары түсіндірме беріп, оларды шешудің мүмкіндіктері мен алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде ауыл тұрғындары өз ойларын еркін жеткізіп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Жиын барысында ұсынылған есеп тұрғындар тарапынан қанағаттанарлық деп бағаланды.
Кездесу қорытындысында Қуандық Серікбайұлы көтерілген мәселелерді назарда ұстап, тұрғындардың ұсыныстары негізінде нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ауылдық округ әкіміне тапсырды. Сондай-ақ жоспарланған жұмыстардың орындалуын тұрақты бақылауға алып, олардың жүзеге асырылу барысы жөнінде халықты жүйелі түрде хабардар етіп отыру қажеттігін атап өтті.
Тұрғындармен тікелей байланыс орнату, олардың талап-тілектерін тыңдау және өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.









