Алматылық ғалымдардың тарихи ғимараттарды сақтауға арналған ғылыми әзірлемесі халықаралық ғылыми журналда жарияланды
«Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының мамандары Алматыдағы тарихи ғимараттарды зерттеу және сақтау үшін цифрлық модель әзірледі. Зерттеу нәтижесі сәулет және құрылыс саласындағы рейтингі жоғары басылымдардың бірі саналатын Швейцарияның MDPI баспасына қарасты халықаралық Buildings ғылыми журналында жарияланды.
«Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты өкілдерінің мәліметінше, «Тарихи қалалық ландшафт контексіндегі сәулет мұрасын цифрлық құжаттаудың тұжырымдамалық моделі: Алматы мысалында» атты ғылыми мақала тарихи-мәдени нысандарды зерттеу және сақтау үшін заманауи технологияны қолдануға арналған.
Ұсынылған тәсіл сәулет мұрасын кешенді зерттеуге негізделген. Тарихи ғимараттарды бағалау кезінде олардың сәулеттік ерекшеліктерімен қатар, қалалық ортамен, табиғи жағдаймен және Алматының даму тарихымен байланысы да ескеріледі.
Зерттеу Scopus және Web of Science халықаралық ғылыми дерекқорларына енгізілген, ғылыми сараптамадан өтетін Buildings журналында жарияланды. 2025 жылы CiteScore деректеріне сәйкес, басылым «Сәулет» бағыты бойынша бірінші квартильге (Q1) кіріп, 210 журналдың арасында 18-орында тұр. Журналдың CiteScore көрсеткіші – 5,6.
Бұл мақала алматылық мамандардың ғылыми нәтижесін халықаралық деңгейде танытуға және ұсынылған тәсілдерді қаланың сәулет мұрасын одан әрі зерттеу мен сақтау жұмыстарына қолдануға жол ашады.
Мақаланың толық мәтінін мына сілтемеден оқи аласыздар: https://doi.org/10.3390/buildings16214298









