Алматы қаласындағы «Жетісу-2» жастар комьюнити-орталығының эко-хабында «Қалдықты сұрыпта – табиғатты сақта!» атты экологиялық акция өтті. Іс-шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылып, жастар мен қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Акцияға қатысушылар өздері жинаған тұрмыстық қалдықтарды арнайы контейнерлерге сұрыптап, қайта өңдеуге жарамды материалдарды фандоматқа өткізді. Сонымен қатар комьюнити-орталық қызметкерлері қалдықтарды бөлек жинаудың маңыздылығы мен оларды қайта өңдеудің қоршаған ортаға тигізетін пайдасы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы тазалық пен табиғатқа жанашырлық бір реттік акциямен шектелмей, қоғамдық мәдениеттің және әрбір азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен.
Алматыда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қала әкімі Дархан Сатыбалды мегаполисті абаттандыруға, экологиялық инфрақұрылымды дамытуға және таза әрі жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған жастар бастамаларын қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы жұмыстың нақты тетіктерінің бірі – жастар комьюнити-орталықтары базасында экологиялық кеңістіктерді дамыту.
Еске сала кетейік, «Жетісу-2» комьюнити-орталығының базасындағы эко-хаб 2026 жылғы 10 қыркүйекте ашылып, Алматыдағы осындай үшінші экологиялық кеңістікке айналды. Мұнда қалдықтарды бөлек жинауға арналған 10 арнайы контейнер орнатылған. Тұрғындар пластик, алюминий, қағаз және қайта өңдеуге жарамды басқа да материалдарды тапсыра алады.
«Біздің басты мақсатымыз – қалдықтарды сұрыптауды күнделікті өмірдің қалыпты дағдысына айналдыру. Жастардың экологиялық акцияларға қатысып қана қоймай, қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың маңызын терең түсінгенін қалаймыз. Эко-хаб ауданның барлық тұрғыны үшін ашық. Бұл – экологиялық білімді іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін кеңістік», – деді «Жетісу-2» комьюнити-орталығының жетекшісі Айбек Берікболұлы.
Айта кетейік, Алматыда жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында бұған дейін 110-нан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, оған 15 мыңнан астам адам қамтылған.
Алдағы уақытта эко-хаб алаңында қалдықтарды қайта өңдеу мәдениетін дамытуға, жастарды табиғатты қорғау бастамаларына тартуға бағытталған экологиялық акциялар, танымдық кездесулер мен тәжірибелік іс-шаралар жалғасады.








