ІІМ: Тоғыз айда хабар-ошарсыз кеткен 17 мыңнан астам азаматтың жүрген жері анықталды

    Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.

    5 қазаннан бастап бүкіл ел аумағында "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның басты мақсаты - тұрғын үй секторындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, полиция мен халық арасындағы өзара байланысты нығайту. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері шамамен 249 мың тұрғын үй нысанын, оның ішінде 12,5 мың жалдамалы пәтерді аралап шықты. Тексеру нәтижесінде тіркеусіз тұрудың тоғыз мыңға жуық дерегінің жолы кесілді. 7 189 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрақты тұрғылықты жері жоқ 2 128 адам полиция органдарына жеткізілді.

    Пәтер ұрлығының, интернет-алаяқтықтың және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Полицейлер мүлікті қорғау және жеке қауіпсіздікті сақтау жөніндегі ұсынымдары бар 223 мыңнан астам ақпараттық жадынама таратты. Сонымен қатар бүкіл ел бойынша халықпен сегіз мыңнан астам кездесу өткізіліп, оған 160 мыңға жуық азамат қатысты. Профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі - тұрғындармен кері байланыс орнату. Арнайы QR-кодтар мен чаттар арқылы полицияға 2 693 өтініш пен ұсыныс келіп түсті. Олардың әрқайсысы бойынша тиісті шаралар қабылданды.

    Сонымен бірге профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жұмыс жүргізілуде. Есепте тұрған алты мыңға жуық адам тексеріліп, 1 511 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

    Іс-шараның тағы бір маңызды бағыты - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Рейдтер барысында полиция қызметкерлері түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз жүрген кәмелетке толмағандарға қатысты 3 883 деректі анықтады. 396 жасөспірім бейімдеу орталықтарына орналастырылды. Бұл ретте балалардың қауіпсіздігіне ата-аналар мен заңды өкілдер ғана емес, белгіленген талаптарды бұзуға жол беретін ойын-сауық орындарының иелері де жауапты. Мысалы, Алматы қаласында тәртіп сақшылары кафеде заңда белгіленген шектеулерді бұза отырып жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімді анықтады. Мекеме иесіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар кафенің қызметі 10 тәулікке тоқтатылды.

    "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы 5 қарашаға дейін жалғасады.

    Министрлік жұмысының тағы бір маңызды бағыты - қылмыскерлерді іздестіру және хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың жүрген жерін анықтау.

    2026 жылдың тоғыз айында полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен 17 мыңнан астам адамның жүрген жерін анықтады. Бұдан бөлек, Қазақстанның құқық қорғау органдарымен іздеуде жүрген 1 031 күдікті ұсталды. Олардың қатарында Астана қаласында ұсталған 67 жастағы ер адам бар. Ол алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде болған. Іс материалдарына сәйкес 2018 жылы Қарағанды қаласында ол коммерциялық ұйымның қоймасынан тауарды сату сылтауымен алып шығып, құны 401 млн теңгеден асатын мүлікті иемденген.

    Іздестіру жұмыстары басқа мемлекеттердің құқық қорғау органдарынан жасырынған адамдарға қатысты да жүргізілуде. Қазақстан аумағында ТМД елдері мен алыс шет мемлекеттермен іздеуде жүрген 537 адам ұсталды. Мысалы, полицейлер Алматы қаласында 45 жастағы шетел азаматын ұстады. Ол 1,3 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. 2023 жылы Бішкек қаласында ер адам Оңтүстік Кореядан косметикалық өнімдерді жеткізуді ұйымдастыру сылтауымен жәбірленушінің ақшасын иемденген.

    - Полиция қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастырады. Заң мен тәртіпті сақтаңыздар! - деді ІІМ өкілдері.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары