"Қауіпсіз үй" профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер 170 мыңнан астам үй мен пәтерді тексерді.
- Құрметті азаматтар! Қазір елімізде "Қауіпсіз үй" профилактикалық шарасы өтіп жатыр. Біздің басты мақсатымыз - сіздердің үйде, аулада, көшеде қауіпсіз жүруіңізді қамтамасыз ету. Шара басталғалы бері полицейлер 170 мыңнан астам үй мен пәтерді аралады. Нәтижесінде сегіз мың адамның тіркеусіз тұрып жатқаны анықталды.
Аулалардың таза әрі жайлы болуы үшін 20 мыңнан аса жазу мен сурет тазартылды. Бүл ретте жеті мыңнан астам адам жауапқа тартылды.
Көршілері жиі шағымданатын мекенжайлар да тексерілді. Онда есірткі салдарынан масайған 400 адам анықталып, барлығы жауапқа тартылды. Ал Алматы қаласында есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылып, қылмыстық іс қозғалды.
Одан бөлек, түнгі мезгілде терезе алдындағы қатты дыбыс, көліктің гүрілі, қауіпті маневр мен дрифт демалуға кедергі келтіретінін жақсы білеміз. Осындай екі мыңға жуық заң бұзушылықтың жолы кесілді.
Сондай-ақ балалардың да қауіпсіздігі ерекше назарда. Екі апта ішінде жасөспірімдер арасындағы үш мың заң бұзушылықтың алдын алдық. 337 бала бейімдеу орталықтарына жіберілді, оларға мамандар тиісті көмек көрсетеді.
Сонымен қатар 45 мыңнан астам қару иесі тексеріліп, тіркелмеген 62 қару тәркіленді.
Қауіпсіздік - тек тексеру мен жазалау емес. Біз үшін сіздің пікіріңізді есту маңызды. Полицейлер тұрғындармен жеті мыңға жуық кездесу өткізіп, екі мыңнан астам өтініш қабылдады. Әрқайсысы мұқият қаралды.
Құрметті азаматтар! Заң бұзушылықты немесе азаматтарға зиян келуі мүмкін жағдайды байқасаңыз, қапы қалмаңыз, тез арада полицияға хабарлаңыз. Сіздің бір ғана қоңырауыңыз, тәуекелдің алдын алуға септігін тигізеді.
Қауіпсіз үй - қауіпсіз ауладан, жанашыр көршілерден және бір-бірімізге деген ортақ қамқорлықтан басталады, - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.






