Жиһазға тапсырыс берген азаматтар оның сапалы әрі келісілген мерзімде дайын болуын күтеді. Алайда кей жағдайда тапсырыс берушілер жиһазсыз қалып, ақшасын қайтару үшін полицияға жүгінуге мәжбүр болады.
Ақтөбеде полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында алаяқтықтың бірнеше дерегіне қатысы бар деген күдікпен 27 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті жиһаз жасап беремін деген желеумен тапсырыс берушілердің бірінен 3 миллион теңгеден астам ақша иемденген. Тергеу барысында оның осыған ұқсас тағы 15 дерекке қатысы болуы мүмкін екені анықталды.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға және ықтимал зардап шеккен азаматтарды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Полиция департаменті азаматтарды жиһазға және басқа да қызметтерге тапсырыс беру кезінде сақ болуға шақырады. Келісім жасамас бұрын орындаушының беделін тексеріп, жұмыс мерзімі, құны мен төлем шарттары көрсетілген жазбаша шарт жасасу қажет. Сондай-ақ ақшаның берілгенін растайтын құжаттарды сақтаған жөн.
Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда полицияға дереу хабарлау қажет.









