Қараусыз қалған велосипед 27 жастағы ақтөбелік үшін оңай олжаға айналған. Алайда тергеу барысында оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екені анықталды.
Велосипед ұрлығын ашу мақсатында жүргізілген жедел іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам Ақтөбенің Оңтүстік-Батыс тұрғын алабында еркін қолжетімділікті пайдаланып, велосипедті ұрлаған. Келтірілген материалдық шығын 100 мың теңгені құрады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұсталған азаматтың осыған ұқсас тағы екі ұрлық дерегіне қатысы бары анықталды. Қазіргі уақытта оның басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған фактілер бойынша тергеу әрекеттері жалғасуда.
Полиция азаматтарды жеке мүлкінің сақталуына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Велосипедті қысқа уақытқа да қараусыз қалдырмаңыз. Мүлікті ұрлықтан қорғау үшін сенімді құлыптарды пайдаланып, мүмкіндігінше бейнебақылау камералары орнатылған орындарда сақтаған жөн.









