Нұрдәулет Қилыбай Ресей Федерациясының Ақтаудағы Бас консулымен кездесті

    1 / 4

    Бүгін, 27 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ресей Федерациясының Ақтау қаласындағы Бас консулы Ринат Андержановпен кездесті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, балық шаруашылығының әлеуетін арттыру және Каспий теңізінің экологиялық мәселелері жөнінде пікір алмасты.

    Басқосуда екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге, инвестициялық әріптестікті жандандыруға және өңір экономикасының жаңа өсу бағыттарын дамытуға басымдық берілді. Сондай-ақ экономиканы әртараптандыру және өндірісті дамыту мәселелері талқыланды.

    Кездесу барысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай екіжақты әріптестікті нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.

    -Ресей Федерациясы облыстың сыртқы сауда байланыстарындағы маңызды серіктестердің бірі. Біз тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, инвестициялық жобаларды іске асыруға және жаңа бағыттар бойынша серіктестікті нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдауға дайынбыз, - деді облыс әкімі.

    Өз кезегінде Ресей Федерациясының Ақтаудағы Бас консулы Ринат Андержанов екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетіне тоқталып, алдағы уақытта да өзара іс-қимылдың нәтижелі болатынына сенім білдірді.

    Айта кетейік, бүгінде Маңғыстау облысында Ресей капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін 589 кәсіпорын тіркелген. Биыл сегіз айдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы сыртқы сауда айналымы 110 млн АҚШ долларын құрады.

    Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының әкімдігі" жаңалықтары