Бүгін, 24 қазанда, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов Шетпе ауылындағы Ащыбұлақ-1, Ащыбұлақ-2 және Жаңаорпа-2 шағын аудандарын сумен қамтамасыз ететін жаңа нысанның іске қосылу рәсіміне қатысты.
Жоба үш шағын аудандағы 5 мыңнан астам тұрғынның ауыз суға қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Құрылыс екі кезеңде жүргізілді. Нәтижесінде жалпы ұзындығы 8 830 метр су құбыры тартылып, сегіз ұңғыма қазылды. Сонымен қатар су қоймалары мен су айдау станциясы салынды.
Бұған дейін аталған шағын аудандардың тұрғындары ауыз суды тасымалдау арқылы жеткізіп келген. Енді су Қарақұдық жерінде жаңадан қазылған сегіз ұңғымадан құбырлар арқылы тұрғындарға жеткізіледі.
Жаңа ұңғымалар Шетпе ауылының қолданыстағы сумен жабдықтау жүйесіне де қосымша су көзі болады. Бұған дейін ауыл халқы Көгез жеріндегі ұңғымалардан берілетін суды пайдаланып келген. Жаңа нысанның іске қосылуы ауыз су көлемін арттырып, тұрғындарды тұрақты сумен қамтуға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов тұрғындарды сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету өңірдегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
-Тұрғындарды сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету - басым бағыттарымыздың бірі. Бүгінде облысымызда халыққа қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыру үшін бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, елді мекендердің одан әрі дамуына да жол ашады. Осы іске үлес қосқан мердігер ұйымдарға, жауапты мекемелердің қызметкерлеріне және құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді Ғалымжан Ниязов.
Салтанатты жиында аудан ақсақалы Жұмағұл Селбаев та сөз сөйлеп, тұрғындарды жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады. Ол сапалы ауыз судың ауыл халқы үшін маңызын атап өтіп, нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілектестігін білдірді.
Іс-шара соңында лента қиылып, сумен жабдықтау нысаны ресми түрде іске қосылды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі








