Бүгін, 25 қазанда Ақтаудағы Мемлекеттік рәсімдер алаңында Республика күніне орай Мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсімі өтті. Ұлттық мерекеге арналған іс-шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ардагерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар, түрлі сала мамандары, әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік рәсім барысында жиналған қауым Мемлекеттік Әнұранды бірге орындап, ел тәуелсіздігі мен ұлттық бірліктің символына айналған мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетті.
Салтанатты жиында мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Өмірзақ Озғанбаев Өмірзақ Озғанбаев тұрғындарды Республика күнімен құттықтап, мерекенің мән-маңызына тоқталды.
-Баршаңызды бүгінгі Республика күнімен құттықтаймын! Бұл күннің ел тарихындағы маңызы зор. Қазақ елінің жаңа бағытта дамуына үлкен жол ашылды. Тәуелсіздіктің ақ таңы атып, халқымыз еркін даму жолына түсті. Бүгінде еліміздің даму бағыты айқын, әлемдік аренада өз орны бар. Дүниежүзіне танылдық, тіліміз бен дәстүріміз қайта жаңғырып, ұлттық құндылықтарымыздың мәртебесі артты. Қазақ елі әлем мойындаған мемлекетке айналды. Қазіргі таңда еліміз орта державалардың қатарында өз орнын айқындап, үлкен көштің басында келе жатыр. Қазақ халқының абыройы асқақтап, даму жолы жарқын, болашағы баянды болғай! - деді Өмірзақ Озғанбаев.
Іс-шара барысында қала жастары көлемі 9×4 метр болатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын салтанатты түрде жайды.
Мерекелік бағдарлама өңір өнерпаздарының патриоттық әндерімен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі









