Конституциялық Сотта Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның тәуелсіздік алу жолындағы маңызды тарихи кезең болған Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Бұл құжат дербес мемлекеттіліктің қалыптасуына негіз қалап, еліміздің одан әрі даму бағытын айқындады. Бүгінде Республика күні егемендік, құқық үстемдігі, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және қорғау қағидаттарына адалдықтың символына айналды.
Салтанатты жиында конституциялық сот төрелігін дамытуға және конституциялық құндылықтарды орнықтыруға үлес қосқан судьялардың, ғылыми қауымдастық өкілдері мен Сот Аппараты қызметкерлерінің кәсіби еңбегі атап өтілді.
Конституциялық сот төрелігін дамытуға қосқан үлесі үшін Конституциялық Сотта бұрын қызмет атқарған судьялар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сондай-ақ ұлттық құқықты дамытуға және заңнаманы жетілдіруге қосқан үлесі үшін ғылыми қауымдастық өкілдері мемлекеттік наградаларға ие болды.
Конституциялық Сот Аппаратының бірқатар қызметкері қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ведомстволық наградалармен марапатталды.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған қызметкердің ант беру рәсімі өтті.









