Конституциялық Сот Аппаратының қызметкерлері Азия конституциялық соттары қауымдастығының Жазғы мектебінде білім алды

    1 / 7

    2026 жылғы 4-9 қазан аралығында Түркия Республикасында Азия конституциялық соттары және оларға теңестірілген институттар қауымдастығының (АACC) «Құқықтар мен бостандықтарды шектеудің негізгі қағидаттары» тақырыбындағы XIV Жазғы мектебі өтті.

    Түркия Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Кадыр Өзкаяның бастамасымен және қолдауымен Қауымдастықтың Адами ресурстарды оқыту және дамыту орталығы базасында ұйымдастырылған іс-шараға 39 елден 74 қатысушы, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

    Жазғы мектеп жұмысына Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты Аппаратының қызметкерлері – Өтініштерді бастапқы қарау және қабылдау бөлімі Құжаттамалық қамтамасыз ету секторының меңгерушісі М. Төлендиева және Халықаралық ынтымақтастық және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету бөлімінің бас консультанты А. Нұрушева қатысты.

    Іс-шара бағдарламасы аясында конституциялық бақылау органдары мен жоғары сот органдары өкілдерінің баяндамалары тыңдалып, сарапшылық талқылаулар өткізілді және адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы ұлттық тәжірибе алмасу ұйымдастырылды.

    Тақырыптық сессия барысында қазақстандық қатысушылар Қазақстан Республикасында адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеудің конституциялық қағидаттары туралы таныстырылым жасады. Онда адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайтуға бағытталған жаңа Конституцияның ережелері, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын ескере отырып, құқықтар мен бостандықтарды шектеудің жол берілетін шектеріне қойылатын конституциялық талаптар баяндалды.

    Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етудегі және конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қорғаудағы Конституциялық Соттың рөліне, оның ішінде нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығын тексеру арқылы жүзеге асырылатын қызметіне ерекше назар аударылды.

    Жазғы мектепке қатысушылар ұлттық конституциялық нормаларды қолдану тәжірибесімен алмасып, құқықтар мен бостандықтарды шектеудің жол берілетін шектерін айқындау тәсілдерін, сондай-ақ адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарын іске асыру мәселелерін талқылады.

    Конституциялық Сот Аппараты өкілдерінің аталған іс-шараға қатысуы Қазақстанның адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы конституциялық ұстанымдарын халықаралық кәсіби қауымдастыққа таныстыруға, тәжірибе алмасуға және шетелдік конституциялық бақылау органдарымен кәсіби ынтымақтастықты дамытуға ықпал етті.

    Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты Аппаратының өкілдеріне XIV Жазғы мектепке қатысқаны және оның табысты өтуіне қосқан үлесі үшін Түркия Республикасы Конституциялық Соты Төрағасының атынан сертификаттар табысталды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты" жаңалықтары