Астанада қабылдау емтихандарына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр

    1 / 22

    Астанада қабылдау емтихандарына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр

    16 қазанда Астанада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы ұйымдастырған «Қарқынды өзгеріс әлеміндегі қабылдау емтихандары» атты халықаралық конференция басталды.

    Іс-шараға білім беру саласындағы бағалау мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдардың өкілдері, ұлттық емтихан орталықтарының басшылары, ғалымдар, сарапшылар және жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып жатыр. Қатысушылар қатарында АҚШ-тың ETS, College Board ұйымдары, Ұлыбританияның AQA Global ұйымы, Канаданының Vretta мамандары, Ресейдің ВШЭ мамандары, сондай-ақ Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан сарапшылары бар.

    Пленарлық отырыста ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі. Ол конференцияның қабылдау емтихандары мен талапкерлердің білімін бағалау саласындағы халықаралық тәжірибе алмасуға және өзгермелі әлем талаптарына сай іріктеудің жаңа тәсілдерін талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өтті. Министр жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту Мемлекет басшысы айқындаған интернационалдандыру бағытына сәйкес келетінін және Қазақстанның білім беру жүйесінің жаһандық білім кеңістігіне ықпалдасуына ықпал ететінін жеткізді.

    «Бүгінде қабылдау емтиханы меңгерілген білімді тексерумен ғана шектелмейді. Ол талапкердің алдағы уақытта білім алу әлеуетін бағалауға да мүмкіндік береді. Технологиялар қарқынды дамып жатқан жағдайда адамның сыни ойлау, жаңа ақпаратпен жұмыс істеу және жаңа дағдыларды меңгеру қабілетін ескеру маңызды. Осыған байланысты Қазақстан халықаралық серіктестермен бірлесіп, жоғары оқу орнында табысты білім алуға қажетті құзыреттерді бағалауға бағытталған Admissions Insight Test (AIT) жобасын дамытып келеді. Конференция халықаралық тәжірибені талқылауға және қабылдау емтихандары жүйесін жетілдірудің заманауи тәсілдерін қарастыруға мүмкіндік береді», – деді министр.

    Конференция барысында қатысушылар жасанды интеллектінің білім беру саласындағы бағалауға ықпалын, қабылдау емтихандарын дамытудың халықаралық үрдістерін, сондай-ақ бағалаудың сенімділігі мен объективтілігін сақтай отырып, инновацияларды енгізу қағидаттарын талқылады.

    Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов өз сөзінде Қазақстандағы қабылдау емтихандары жүйесінің даму барысына тоқталды. Ол бағалау құралдарын әзірлеуде ғылыми негізделген тәсілдерді қолданудың, нәтижелердің салыстырмалылығын қамтамасыз етудің және тестілеу әдістемелерін ұлттық білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне бейімдеудің маңызын атап өтті.

    «Қазіргі заманғы қабылдау емтихандары жүйесін әзірлеу технологиялық шешімдермен ғана шектелмейді, ол ауқымды ғылыми-зерттеу жұмысын да талап етеді. Елдің білім беру жүйесінің ерекшеліктерін ескеріп, тест тапсырмаларының сапасын қамтамасыз ету және әзірлеудің әр кезеңінде нәтижелердің сенімділігін дәлелдеу қажет. ETS ұйымымен ынтымақтастық халықаралық сараптаманы ұлттық тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Ал әртүрлі елдердің өкілдерімен кәсіби пікір алмасу AIT жобасын дамытудың алдағы бағыттарын айқындауға көмектеседі», – деп атап өтті Нұрсейіт Байжанов.

    Халықаралық конференцияның алғашқы тақырыптық сессиясында сарапшылар цифрлық трансформация мен жасанды интеллектінің дамуы жағдайында талапкерлерге қажетті негізгі дағдыларды бағалау тәсілдерін қарастырды. Талқылау барысында сыни және шығармашылық ойлау, академиялық жазылым, зерттеу дағдылары, коммуникация, цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект саласындағы құзыреттер мәселелеріне басымдық берілді.

    Сондай-ақ жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде қолданылатын бағалау құралдарын бейімдеу жөніндегі ұлттық тестілеу орталықтарының тәжірибесіне арналған сессия өтті. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан өкілдері ұлттық емтихан жүйелерін дамыту тәжірибелерімен бөлісті.

    Конференцияның екінші күні екі бағыт бойынша қатар іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бірінші бағыт аясында ETOTS бастамасы шеңберінде Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық тестілеу орталықтарының өкілдері кездесіп, ағылшын тілі бойынша бірлескен тест әзірлеу мәселесін талқылайды және меморандумға қол қояды. Екінші бағытта білім беру саласының өкілдеріне арналған ақпараттық сессия өтіп, онда AIT жобасының тұжырымдамасы, құрылымы және оны енгізу кезеңдері таныстырылады.

    Бұдан бөлек, қатысушылар білім беру стандарттарын жетілдіру, сондай-ақ басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) деректері мен педагогтерді бағалау нәтижелерін пайдалану мәселелерін талқылайды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі" жаңалықтары