ТАРАЗҒА ҚАТЫНАЙТЫН ЖАҢА АВТОБУС БАҒЫТЫ АШЫЛДЫ

    1 / 3

    Бүгін Бурыл ауылы тұрғындарының көптен бергі ұсынысы ескеріліп, Тараз – Бурыл – Тараз бағыты бойынша №4 қоғамдық көлік маршруты іске қосылды. Жаңа бағыт Бурыл және Құмжота ауылдарының тұрғындарына қалаға қатынауды жеңілдетіп, әсіресе оқушылар мен студенттер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

    Жаңа маршруттың ашылу салтанатына Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев және ауыл тұрғындары қатысты.

    Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Олжас Баққараев қоғамдық көлік қатынасын жақсарту – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселе екенін атап өтті.

    – Тұрғындарымыздың көптен бері көтеріп жүрген ұсыныстарының бірі – Тараз қаласы мен Бурыл ауылы арасындағы қоғамдық көлік қатынасын жақсарту мәселесі өз шешімін тауып отыр. Жаңа №4 бағыттың іске қосылуы, әсіресе оқушылар мен студенттердің қалаға қатынауын жеңілдетіп, уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.

    Қазіргі таңда Бурыл ауылдық округінен Тараз қаласындағы мектептерде 107 оқушы, колледждерде 61 білім алушы және жоғары оқу орындарында 50-ге жуық студент оқиды. Жаңа маршрут олардың қалаға қатынауын жеңілдетіп, тұрғындардың уақытын үнемдеуге ықпал етеді. №4 бағыт бойынша 10 автобус тұрақты қатынайтын болады.

    Жаңа қоғамдық көлік бағыты – ауыл тұрғындарының сұранысына берілген нақты жауап. Алдағы уақытта да халықтың талап-тілегін ескеріліп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Байзақ ауданының әкімдігі" жаңалықтары