Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Беларусь Республикасы Көлік және коммуникациялар министрі Алексей Ляхновичпен кездесті.
Келіссөздер барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар аясында өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Беларусь арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның жалпы портфеліне құны $204,3 млн болатын, 1,7 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 16 жоба кіреді. Оның ішінде 13 жоба қазірдің өзінде жүзеге асырылған.
Кездесуге қатысушылар теміржол машиналарын жасау және құрамдас бөлшектерді өзара жеткізу салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін атап өтті.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі бірін-бірі толықтыратын өндірістік тізбектерді дамытудың келешегі зор екенін атап өтіп, осы бағыттағы ынтымақтастықты өрістетуді ұсынды. Қазақстан Беларусь теміржолының және басқа да бейінді кәсіпорындардың қажеттіліктері үшін теміржол дөңгелектерін және өзге де өнімдерді жеткізу көлемін арттыруға дайын.
«Біздің ортақ міндетіміз – жекелеген құрастыру жобаларын жүзеге асырудан екі елдің өнеркәсіптік әлеуетінің бір-бірін толықтыруына негізделген тұрақты бірлескен өндірістік тізбектерді қалыптастыруға көшу. Осыған байланысты қазақстандық кәсіпорындар Беларусь нарығындағы қатысу аясын кеңейтуге мүдделі», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Келіссөздер қорытындысы бойынша аталған мәселелерді нақты пысықтауға кірісу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.









