POWER TRENDS форумында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және отандық өндірісті дамыту мәселелері талқыланды

    1 / 7

    2026 жылғы 14 қазанда POWER TRENDS форумы аясында «МЭКС ұлттық жобасы және электр энергетикасы саласын дамыту. Қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктер» тақырыбында панельдік сессия өтті. Қатысушылар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мәселелерін талқылады.

    Іс-шараға Қазақстан Республикасының өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлері Олжас Сапарбеков пен Дархан Мырзабаев, сондай-ақ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков қатысты.

    Өз сөзінде вице-министр Олжас Сапарбеков МЭКС ұлттық жобасы аясында отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін таныстырды. Бүгінгі таңда мамандандырылған платформада материалдар мен жабдықтарға жалпы қажеттілігі 95,9 млрд теңгені құрайтын 88 жоба орналастырылған. Барлығы 2 118 тапсырыс қалыптастырылып, 1 088 баға ұсынысы түскен, оның 688-і қабылданған. Қазақстандық кәсіпорындардың қатысу аясын кеңейту мақсатында Отандық тауар өндірушілер тізілімімен және E-PSD жүйесімен интеграцияланған арнайы сатып алу модулі қарастырылған. Алдағы жұмыс өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, сатып алу рәсімдерін жетілдіруге және офтейк-келісімшарттар жасасуға бағытталатын болады.

    Вице-министр Дархан Мырзабаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландырудың негізгі бағыттарын, оның ішінде Smart Turmys және WaterTech платформаларын дамыту мәселелерін таныстырды. Smart Turmys платформасы абоненттер мен нысандар, коммуналдық төлемдер және ресурстарды тұтыну туралы деректерді біріктіруді көздейді. Ал WaterTech платформасы сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне мониторинг жүргізуге, су шығындарын, апаттылық деңгейін және инженерлік желілердің жай-күйін талдауға арналған. Сонымен қатар Smart Turmys платформасын банктік қосымшалармен интеграциялау мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл азаматтарға коммуналдық төлемдердің есептелуі, ресурстарды тұтыну көлемі және есепке алу аспаптарын салыстырып тексеру мерзімдері туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Цифрлық талдау құралдарын қолдану коммуналдық саланың ашықтығын арттырып, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жоспарлау тиімділігін жоғарылатуға ықпал етеді.

    Комитет төрағасы Бақытжан Жүнісбеков сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту мәселелеріне тоқталды. Саланы дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыру кезеңінде 9,5 мың шақырымнан астам желі реконструкцияланып, кеңейтілді. Сонымен қатар су құбыры желілерінің тозу деңгейі 38%-ды, ал кәріз желілерінің тозу деңгейі 54%-ды құрайды. Инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту үшін 1,9 трлн теңге тарту жоспарлануда. Бұл 5 мың шақырым сумен жабдықтау және 2,8 мың шақырым су бұру желілерін жаңартуға, сондай-ақ 45 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын салу мен реконструкциялауға мүмкіндік береді.

    Қазіргі уақытта МЭКС порталында жалпы құны 340,2 млрд теңгені құрайтын сумен жабдықтау және су бұру саласындағы 129 жоба орналастырылған. Оның ішінде құны 123,3 млрд теңге болатын 67 жоба бойынша конкурстық рәсімдер аяқталып, жеңімпаздар анықталды. Ал жалпы сомасы 111,2 млрд теңгені құрайтын 63 жоба бойынша мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалды. Кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. Қазіргі таңда жобалау-іздестіру жұмыстарын қоса алғанда, іске асырудың әртүрлі кезеңінде 11 кәріз-тазарту құрылысы жобасы бар. 2030 жылға қарай сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 33%-ға, ал су бұру желілерінің тозу деңгейін 41%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

    Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетімен бірлесіп, қазақстандық өндірушілер арасындағы кооперацияны дамыту және «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асырылатын жобаларда отандық өнімдерді пайдалану үлесін арттыру бағытында жұмыс жүргізуде.

    Форум аясында «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ төрағасының қатысуымен ынтымақтастық туралы алты келісімге қол қойылды. Келісімдерге «Qarmet» АҚ, «ТЭМПО-Казахстан» ЖШС, «Павлодарский трубопрокатный завод» ЖШС, «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ, «Стальцинк» ЖШС, «Казахстанский арматурно-изоляторный завод» ЖШС, «DSO Partner» ЖШС және «Кентауский трансформаторный завод» АҚ қатысты. Қол қойылған келісімдер инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында елішілік құндылық үлесін арттыруға, отандық өндірісті дамытуға және импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі" жаңалықтары