Мұнайлы ауданында жаңа Батыр ауылдық мәдениет үйі ашылды

    1 / 5

    Бүгін, 23 қазанда Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылында жаңа ауылдық мәдениет үйі ашылды. Салтанатты рәсімге Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

    Жаңа мәдениет үйі ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеуге, шығармашылық бастамаларды қолдауға бағытталған. Мұнда мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріледі.

    Ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұлттық өнерді дамыту мен кітап оқуға деген қызығушылықты арттырудың маңыздылығына тоқталды.

    -Мемлекет басшысы қазақ өнерін дамыту қажеттігін үнемі айтып келеді. Кітап оқуға да ерекше мән беріліп отыр. Жаңа мәдениет үйінде әдебиет бөлімі, кітапхана және түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер қарастырылған. Маңғыстау - қазақ өнері өркендеген өңір. Осы жерде өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың арасынан ертең әлемдік сахнада ел мерейін асыратын азаматтар шықсын. Осы мәдениет ошағының бой көтеруіне атсалысып, ауыл тұрғындарына осындай игілікті нысанның тарту етілуіне үлес қосқан барша азаматқа алғысымды білдіремін. Қуаныштарыңыз құтты болсын! - деді Нұрдәулет Қилыбай.

    Мәдениет үйінде домбыра, гитара, би, вокал және көркем сурет үйірмелері жұмыс істейді. Бұл үйірмелер ауыл балалары мен жастарының шығармашылық қабілетін шыңдап, өнерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

    Салтанатты іс-шарада Мұнайлы ауданының Құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері Балсұлу Қондыбаева да құттықтау сөз сөйлеп, жаңа мәдениет ошағының ауыл өміріндегі маңызына тоқталды. Іс-шара соңы лента қию рәсімімен жалғасты.

    Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының әкімдігі" жаңалықтары