Сахнадан шыққан үн: Ақтөбелік оқушылар есірткісіз болашақтың бейнесін көрсетті

    Ақтөбеде 200-ден астам жас жүрек бір мақсатқа жұмылды. Олардың сахнадағы әр сөзі мен әр қимылы — есірткіге қарсы үн және жарқын болашаққа жасалған қадам болды.
    Ақтөбе қаласындағы №83 орта мектепте сахна өнері арқылы жас ұрпаққа ой салып, өмірдің қадірін ұғындыруға бағытталған ерекше шара өтті. Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған «Есірткісіз болашақ» атты театрландырылған қойылымдар байқауы жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдап қана қоймай, маңызды әлеуметтік мәселеге назар аудартты.
    Бұл жолы сахнада жай ғана көріністер қойылған жоқ. Мұнда тағдырлар сөйлеп, сезімдер сыр шертті.
    Жоғары сыныптың 200-ден астам оқушысын біріктірген байқауда қатысушылар есірткінің адам өміріне әкелетін зардабын шынайы жеткізді. Театрландырылған қойылымдарда жеңіл жолды таңдаудың ащы өкініші, жақындарының сенімін жоғалтқан жастың күйзелісі мен перзентінің тағдырына алаңдаған ананың жан жарасы әсерлі бейнеленді.
    Әрбір қойылым — ой салатын оқиға болды. Жас өнерпаздар өз рөлдері арқылы есірткінің тек бір адамның ғана емес, тұтас отбасының тағдырына әсер ететінін көрсетті. Көрерменге де маңызды сұрақ қойылды: болашағымызды қандай таңдау арқылы қалыптастырамыз?
    Іс-шараның арнайы қонақтары — белгілі спортшы, әрі қоғам белсендісі Райса Байлиева мен полиция өкілдері оқушылардың өнерін жоғары бағалап, олардың ізденісі мен белсенділігін атап өтті. Қонақтар жастарға өмірлік құндылықтар, жауапкершілік және әрбір шешімнің салдары туралы ой салар ақыл-кеңестерін жеткізді.
    Байқау қорытындысында тәжірибелі педагогтерден құралған қазылар алқасы қатысушы командаларға алғысхаттар табыстап, өнер көрсеткен оқушыларды түрлі номинациялар бойынша марапаттады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының Полиция департаменті" жаңалықтары