Душанбе қаласы, 2026 жылғы 21 қазан – Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Елшісі Уәлихан Төреханов Тәжікстан Республикасының жоғары басшылығы мен депутаттық корпусының өкілдеріне «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медальдарын табыс етті.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 26 маусымдағы Жарлығына сәйкес мерейтойлық медальмен төмендегі тұлғалар наградталды: Тәжікстан Республикасы Маджлиси милли Маджлиси Оли төрағасы Рустами Эмомали, Тәжікстан Республикасы Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Файзали Фузайлшо Идизода, Тәжікстан Республикасы Маджлиси милли Маджлиси Оли төрағасының бірінші орынбасары Раджаб Ахмадзода, Тәжікстан Республикасы Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли депутаты, Халықаралық істер, қоғамдық бірлестіктер және ақпарат комитетінің төрағасы Махмадшох Курбонали Гулзода, Тәжікстан Республикасы Маджлиси милли Маджлиси Оли Аппаратының басшысы Дилшод Сафарбек Рахмон.
Салтанатты марапаттау рәсімі Тәжікстан Республикасы Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли ғимаратында парламент депутаттарының қатысуымен өтті.
«Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалі Қазақстан Республикасы Парламентінің 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 8 қазандағы № 1033 Жарлығымен тағайындалған. Аталған награда парламенттік қызметті дамытуға және парламентаралық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесті атап өтуге бағытталған.
Мерейтойлық медальдардың табысталуы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін, парламентаралық диалогтың маңыздылығын мойындауды және өзара құрмет пен сенім негізінде ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ұмтылысты айғақтады.
Қазақстан мен Тәжікстан заң шығарушы органдар арасындағы сындарлы байланыстарды дәйекті түрде дамытып келеді. Бұл ретте парламенттік қызмет саласында тәжірибе алмасуға, заң шығару жұмысын жетілдіруге, сондай-ақ екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылуда.
Тәжікстан парламенті өкілдерінің наградталуы екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністіктің маңызды нышаны болып табылады және Қазақстан-Тәжікстан қатынастарын одан әрі тереңдетуге деген өзара мүдделілікті растайды.









