Ұлттық мереке — Республика күні қарсаңында Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов еліміздің және өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапаттар табыс етті.
Аймақ басшысы Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, бұл мерекенің халықтың бірлігі мен жасампаздыққа деген ұмтылысын сипаттайтынын айтты.
— 25 қазан - елдігіміздің ақ жолы айқындалған тарихи күн. Бүгінде Қазақстан экономикалық әлеуеті зор, әлемдік қауымдастықта өз орны бар, болашағына сеніммен қарайтын мемлекетке айналды. Атырау облысы үшін экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту, инвестиция тарту және халықтың өмір сапасын арттыру маңызды басымдықтар санатында. Ал біздің баға жетпес құндылығымыз — бейбітшілік пен татулық. Әр азаматтың адал еңбегі – еліміздің алдағы дамуының кепілі.
Бірлігіміз бізді жаңа жетістіктерге бастасын! Еліміздің ертеңі еңселі, келешегі кемел болсын! — деді Болат Ақшолақов.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен еңбек ардагерлері, өнеркәсіп, энергетика, мұнай-газ саласы, көлік, ауыл шаруашылығы, білім, ғылым, мәдениет және денсаулық сақтау өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
І дәрежелі «Барыс» ордені «TNS-group» концернінің президенті Төкен Жұмағұловқа табысталды.
«Парасат» орденімен еңбек ардагері Кенхан Айдарбеков пен облыстың энергетикалық кәсіпорындары ардагерлерінің салалық кеңесінің төрағасы Мұхамбетқали Қалиев марапатталды .
«Құрмет» ордені еңбек ардагерлері Марат Әбдуалиге, Нәсіпқали Қонасқа және Сағидолла Құлғалиевке, Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры Болат Мұхатжиевке, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Қабибек Мұхитовқа, №31 мектеп-гимназиясының мұғалімі Райхан Құлбалиеваға және Д. Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Болат Долдашовтарға табысталды.
ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен жұмысшы мамандық иелері марапатталды: «Потенциал Ойл» ЖШС жүргізушісі Нұрлыбек Дияшев, «Атырау Жарық» ЖШС электромонтёрі Бауыржан Есмағанбетов және «Қызылқоға Сервис» КМК тракторшы-механизаторы Мәзім Тұрғалиев.
«Ерен еңбегі үшін» медалін иеленгендер қатарында «Болат-Жол» ЖШС тепловоз машинисі Сергей Амантурлин, «Прикаспиан Петролеум Компани» ЖШС инженер-мұнайшысы Бауыржан Әбдіғали, «Ембімұнайэнерго» электромонтёрі Марат Оразалиев, «Қазақтелеком» АҚ филиалының электромеханигі Әлия Демеуова, балық өндірісінің технологы Сара Таңжарықова, Қызылқоға аудандық ауруханасының дәрігері Гүлзира Қази, шаруа қожалықтарының басшылары Юлия Матвеева мен Дархан Төлегенов бар.
«Шапағат» медалі Индер аудандық ауруханасының дәрігер анестезиолог-реаниматологы Мейіржан Төленбаевқа табысталды.
Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.









