Атырау облысында магистральды этан және пропан құбырларының құрылысы басталды

    1 / 10

    Атырау облысында “Теңіз” кен орнындағы газды сепарациялау кешені мен Қарабатандағы “Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі” арнайы экономикалық аймағындағы зауыттарды байланыстыратын магистральды этан және пропан құбырларының құрылысы басталды.

    Іс-шараға облыс әкімі Болат Ақшолақов қатысты. Ол мұнай-газ химиясын дамыту мен шикізатты терең өңдеу аймақтағы өнеркәсіптік өндірісті кеңейтуге ықпал ететінін айтты.

    ​— Бізге бүгінде табиғи ресурстарды өндірумен шектелмей, оларды терең өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнім шығару маңызды.
    Бұл жоба жаңа өндірістерді дамытуға, инвестициялар тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін береді. Ал полиэтилен мен полипропилен өндірісінің дамуы шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.


    Біздің мақсатымыз – Атырау облысын мұнай-газ химиясы өнімдерін терең өңдейтін, заманауи өндірістер шоғырланған ірі индустриялық орталыққа айналдыру,— деді Болат Ақшолақов.

    Іс-шара шеңберінде Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, “KMG PetroChem” ЖШС және мердігер «ЧППИ Қазақстан» ЖШС арасында жұмысшыларды қабылдау кезінде өңір тұрғындарына басымдық беру туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

    Құрылыс қарқын алған кезде жұмысшылар саны 1300-ге жетпек, ал құбырлар пайдалануға берілгенде 170-тей тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

    “KMG PetroChem” ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Артур Қонысқалиевтің мәліметіне сүйенсек, әрқайсысы шамамен 210 шақырым болатын құбырдың екеуі де бір техникалық дәліз бойымен тартылады. Этан құбыры жылына 1,6 млн тонна, ал пропан құбыры 1,1 млн тонна шикізат тасымалдай алады. Этан құбыр арқылы полиэтилен шығаратын зауытқа, ал пропан пропилен өндірісіне жеткізіледі. Компания жобаға жергілікті мамандар мен қазақстандық компанияларды тартуға мүдделі боп отыр.

    Құбырлардың құрылысын 2028 жылдың аяғында тәмамдау жоспарланған. Көміртекті және жетілдірілген болаттан құйылатын жіксіз құбырлар төмен температурада пайдалануға шақталған, пропанға арналған құбырлар шығару жұмыстары басталып кетті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары