17–27 қазан аралығында Атырау қаласында Республика күніне орай «Bereke Fest» және «Republic Day» республикалық акциялары өтеді. Оған қаланың сауда желілері, сауда үйлері мен сауда-ойын-сауық орталықтары қатысады.
Акциялар аясында Атырау тұрғындары мен қонақтарына азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға арнайы жеңілдіктер ұсынылады.
«Republic Day» акциясына алты сауда нысаны қатысады. Атап айтқанда, «Насиха» және «Бақдаулет» сауда үйлері, сондай-ақ «Тамаша», «Атырау», «Байзар» және «Infinity Mall» сауда-ойын-сауық орталықтары.
Акция барысында азық-түлік өнімдерінің жекелеген санаттарына 20%-ға дейін, ал азық-түлік емес тауарларға 70%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған.
Ал «Bereke Fest» акциясына «Ярмарка», «Анвар», «Клубничный рай», «Пешеход» және «Dihan» сауда желілері қосылды. Аталған желілердің қала аумағында 39-дан астам сауда нүктесі бар. Мұнда сатып алушыларға азық-түлік тауарларына 20%-ға дейін жеңілдіктер ұсынылады.
Акциялар аясында отандық өнімдерге ерекше назар аударылады. Бастаманың негізгі мақсаты – қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау, жергілікті өнімдерді насихаттау және олардың халыққа қолжетімділігін арттыру.
Жеңілдіктер, арнайы ұсыныстар мен өткізілетін іс-шаралар туралы ақпарат акцияға қатысушы сауда нысандарының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында және өзге де ақпараттық ресурстарда жарияланады.







