Ақмола облысынан халықаралық тарихи экспедиция жолға аттанды

    1 / 11

    Республика күнінің қарсаңында Бурабай ауданындағы Абылай хан алаңында даңқты қолбасшы Абылай ханның туғанына 315 жыл және әлемдік тарихта терең із қалдырған тұлға Әмір Темірдің туғанына 690 жыл толуына орай «Абылай хан ордасынан Жиделі-Байсынға (Байсун) дейін» атты халықаралық тарихи экспедициясының басталуына арналған шара өтті.

    Шараға экспедиция мүшелері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып, ғылыми-зерттеу сапарына ақ тілектерін айтты.

    Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев өз құттықтау сөзінде көшпелілер өркениетінің мұрасын зерттеп, насихаттау ісі өскелең ұрпақ үшін аса маңызды екенін айта келе, экспедиция мүшелеріне туған жерге толағай табыспен, құнды деректермен, жарқын әсерлермен оралыңыздар деген тілегін жеткізді.

    «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жалғасы болып табылатын бұл тарихи-зерттеу сапарының жетекшісі белсенді қоғам қайраткері, өлкетанушы, жазушы Мұрат қажы Ыдырысұлы экспедиция туралы айтып, топ мүшелерімен таныстырып өтті.

    Халықаралық экспедиция құрамына елімізге белгілі тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ерікті саяхатшылар, БАҚ өкілдері енді. Сонымен қатар Өзбекстанның белгілі ғалымдары қатысады деп жоспарлануда. Автокеруенге барлығы 20-ға жуық экспедиция мүшесі мен 5 автокөлік қамтылды.

    Халықаралық экспедиция аясында Ташкент, Самарқанд және Термез мемлекеттік университеттерінде ғылыми-практикалық іс-шаралар, дөңгелек үстелдер,академиялық қауымдастық өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарланған. Сонымен қатар бағдарламада Жиделі-Байсын өңірінің тарихи-мәдени мұрасымен жан-жақты танысу, соның ішінде Сұрқандария облысының бірегей этномәдени ортасын кешенді зерттеу көзделген.

    Сапар нәтижесінде «Абылай хан ордасынан Жиделі-Байсынға (Байсун) дейін» халықаралық тарихи, мәдени-рухани экспедициясының жинақ кітабына (фотоальбом, кітап) материалдар жинақталады, сондай-ақ әрбір елдердегі маңызды қалаларда фото және телетүсірілім жұмыстары жүргізіледі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы" жаңалықтары