Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қуаты жылына 1,25 млн тонналық «Силлено» полиэтилен шығару зауыты құрылысының барысымен танысты.
Жұмыс сапары кезінде құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқыны, болашақ өндіріс ошағын электр энергиясымен және сумен қамтамасыз ету, жобаны жүзеге асыруға қазақстандық компаниялардың қатысы жайында әңгіме өрбіді.
«Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаев құрылыстың қазіргі жағдайы, технологиялық жабдықтарды орнату және жобаны іске асыруға қатысты алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді.
Бүгінде жобаның іске асырылу деңгейі 40,9 пайызды құрайды. Жұмыс пиролиз, полимеризация және жалпы зауыттық шаруашылық нысандарында жүріп жатыр. Этиленді фракциялайтын биіктігі 101,8 метрлік алғашқы ірі габаритті технологиялық бағана жобаланған орынға орнатылған.
Жабдықтарды, пештерді және криогендік қазандарды монтаждау, өндіріс нысандары мен инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жалғасып жатыр.
Болат Ақшолақов болашақта іске қосылатын өндірісті электр энергиясымен және сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Әкім кәсіпорынның максималды деңгейде қажет ететін электр энергиясының есебін және жобада көзделген энергетикалық жабдықтардың техникалық құжаттамасын беруді тапсырды.
— Біз электр энергиясына қажеттілік қандай құжаттардың негізінде және қандай жабдықтарды ескере отырып есептелгенін анық көруіміз керек. Егер бұған өзіміздің ресурстарымыз жетпейтін болса, бұдан күрделі мәселе туындауы мүмкін. Электр энергиясын импорттау қымбат, сондықтан өндіріске қажет энергия көлемін қайдан алатынымызды алдын ала түсінуіміз керек. Сумен жабдықтау да тура солай, — деді Болат Ақшолақов.
Бұған қоса, облыс әкімі инфрақұрылым нысандарының белгіленген талаптарға сәйкес болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Жекелей алғанда, жоба аумағында полиция бекетінің толыққанды ғимаратын салу мәселесі қаралды.
Құрылыс алаңына 5 мыңнан астам адам және 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыс қызған шақта жұмысшылар саны 15 мыңға жуықтамақ.
Зауыт пайдалануға берілген соң 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Кәсіпорынға мамандар даярлау бүгіннің өзінде қолға алынып, жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінен, соның ішінде Атырау облысының жастарынан жас мамандар пулы қалыптастырылып жатыр.









