1 / 6
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың тапсырмасына сәйкес, «Әділет» партиясымен бірлесіп, Шардара ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Игі шараға Шардара қаласы мен 10 ауылдық округтен 1200-ге жуық адам қатысып, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері, спортшылар және еріктілер туған жердің тазалығын сақтауға белсенді үлес қосты.
Сенбілік барысында жол бойындағы қураған шөптер тазартылып, Сырдария өзенінің жағалауы тұрмыстық қалдықтардан аршылды. Сонымен қатар, тарихи-мәдени мұрамыздың бірі — Ұзын ата кесенесінің аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Ауқымды тазалық шарасының басты мақсаты — қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осындай ортақ іске жұмылу туған жерге деген жанашырлықты арттырып, өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Тазалық — бір күндік науқан емес, күнделікті өмір салтымызға айналуы тиіс ортақ міндет. Әрбір тұрғынның қоршаған ортаға деген жауапкершілігі таза әрі көрікті аудан қалыптастыруға негіз болады.
Таза Қазақстан — таза Шардара! Туған жердің тазалығы — баршамызға ортақ жауапкершілік!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі








