1 / 9
Шардара орман шаруашылығы мекемесінің құрылғанына 60 жыл толуына орай Шардара қаласындағы орталық стадионда футбол мен қол күресінен спорттық іс-шара ұйымдастырылды.
Мерейтойға арналған шараның басты мақсаты – мекеменің алты онжылдық тарихын ұлықтау, орман шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін дәріптеу, сондай-ақ ұжым арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау.
Спорттық додаға Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Ануарұлы Төлепов пен Шардара қаласының әкімі Досбол Жүсіпұлы Жұмаділлаев қатысып, мерейтойдың маңыздылығына тоқталды.
Жарыс барысында қатысушылар футболдан командалық шеберліктерін көрсетсе, қол күресінен күш сынасып, өзара бақ сынады. Спорттық бәсеке қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, достық пен ұйымшылдықтың үлгісіне айналды.
Іс-шараның жалғасы марапаттау рәсімімен түйінделеді. Жарыста үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жеңімпаз спортшыларға марапаттар табысталып, мерейтой аясында белсенділік танытқан азаматтарға құрмет көрсетіледі.
Алпыс жылдық тарихы бар Шардара орман шаруашылығы мекемесінің мерейтойы – табиғатты қорғау мен орман байлығын сақтауға үлес қосып келе жатқан еңбек адамдарына деген құрметтің көрінісі.
Алпыс жылдық тарих – абыройлы еңбек пен табиғатқа жанашырлықтың айғағы!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі









