ШАРДАРАДА РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІНЕ ОРАЙ ІС-ШАРА ӨТТІ

    1 / 7
    18 қазан – Рухани келісім күніне орай Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Шардара қаласындағы Абай мәдениет сарайында рухани келісімді, қоғамдық тұрақтылық пен конфессияаралық татулықты нығайтуға бағытталған кездесу өтті.
    Іс-шараға Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Әжімұханұлы Абдразахов, Шардара ауданының бас имамы Қажымұқан Қари Тынышбекұлы Қазыбаев, аудан мешіттерінің бас имамдары мен наиб имамдары, сондай-ақ Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теолог мамандары қатысты.
    Кездесуді ашқан Ерлан Әжімұханұлы қатысушыларды Рухани келісім күнімен құттықтап, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мен діни саладағы өзекті мәселелердің алдын алуда бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар ол дін өкілдерін қазіргі қоғамдық-саяси жағдайды ескере отырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуге, діни құндылықтарды дұрыс насихаттауға және жастардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға атсалысуға шақырды.
    Жиынға аудан көлемінде ақпараттық-түсіндіру, діни экстремизмнің алдын алу және оңалту бағыттарында жұмыс жүргізетін мамандар да қатысты. Олардың қатарында Дәурен Аманов, Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог А. Данияров және аудандық Жастар ресурстық орталығының теолог маманы Е. Сариев болды.
    Кездесу барысында рухани келісімді нығайту, діни тұрақтылықты сақтау, қоғамда өзара құрмет пен түсіністікті қалыптастыру, сондай-ақ жастар арасында жат діни ағымдардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.
    Рухани келісім күні – қоғамдағы татулықты, бірлік пен өзара құрметті, дінаралық және ұлтаралық келісімді дәріптейтін маңызды күн. Оның негізгі мәні – әр адамның ар-намысы мен құқығын құрметтеу, өзара түсіністік пен төзімділікті қалыптастыру, ізгілік пен қайырымдылық құндылықтарын насихаттау.
    1992 жылғы 18 қазанда Алматы қаласында өткен Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі осы күннің қалыптасуына негіз болды. Аталған бастама бейбітшілік пен келісімді сақтау, адамзатқа ортақ құндылықтарды ұлықтау идеясымен сабақтас.
    Қоғамдағы тұрақтылық пен ынтымақ – баршаның ортақ жауапкершілігі. Осы бағытта рухани келісімді нығайту, жастарға адамгершілік құндылықтарды дәріптеу және қоғамда өзара сыйластық мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор.
    Елімізде татулық пен бірлік салтанат құрып, халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!
    Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шардара ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары