Алматы қаласында 2026 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындысына арналған Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы алқасының отырысы өтті. Жиынға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, қала әкімі Дархан Сатыбалды, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшылары, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы және медициналық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Күн тәртібінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті нығайту және денсаулық сақтау жүйесіндегі қаражатты тиімді пайдалану мәселелері қаралды.
Отырысты ашқан министр Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 28 қазандағы Жолдауында жүктелген міндеттерді сапалы орындаудың маңызын атап өтті.
«Еліміз дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басып отыр. Президент дамудың басты қайнар көзі ретінде білімді, ғылыми жетістіктерді, инновациялар мен жасанды интеллектіні атады. Мұның денсаулық сақтау саласы үшін де мәні айқын: ғылым мен инновациясыз жаңа даму кезеңіне өту мүмкін емес. Бұл кезеңнің идеологиялық негізі – «Адал азамат» тұжырымдамасы. Президент атап өткендей, патриот болу дегеніміз – заңды құрметтеу, тәртіпті сақтау және елдің игілігі үшін табанды еңбек ету», – деді министр.
Халқының саны шамамен 2,4 миллион адамды құрайтын Алматы қаласы кадрлық және клиникалық әлеуеті жоғары мегаполис саналады. Сонымен қатар халық санының өсуі мен медициналық инфрақұрылымға түсетін жүктеменің артуы медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі жақсартуды талап етеді.
«Бүгінде әрбір басшының жұмысын бағалаудың негізгі өлшемі – өткізілген іс-шаралар мен есептердің саны емес, пациент үшін нақты өзгерістердің болуы. Біздің салада бұл – пациент пен мемлекет алдындағы адалдық және есеп үшін емес, нәтиже үшін жауапкершілік. Бұл қағидат денсаулық сақтау басқармаларының, ауруханалар мен емханалардың барлық басшыларына қатысты. Бүгінде жаңа инфрақұрылым қалыптастыра отырып, біздің тікелей міндетіміз – оның сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету және азаматтарымызға медициналық көмектің қолжетімді болуы үшін жағдай жасау. Ілгерілеу мен нақты нәтиже болмаған жағдайда тиісті шаралар қабылданады», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Министр шұғыл шешуді қажет ететін бірқатар жүйелі мәселеге назар аударды. Олардың қатарында қызылша ауруының көбеюі, вакцинациямен қамту деңгейінің жеткіліксіздігі, қалалық емханалар деңгейінде медициналық көмекті ұйымдастырудағы олқылықтар, азаматтардың өтініштері және дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелері бар.
Иммунопрофилактикаға ерекше назар аударылды. Алматыда қызылша ауруының өсуіне қарамастан, 16 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық егумен қамтудың нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген. Ал жекелеген медициналық ұйымдарда вакцинацияның кейбір түрлері бойынша қамту көрсеткіші нөлге тең болған.
«Егер вакцинациялаудың жекелеген бағыттары бойынша қамту көрсеткіші нөлге тең болса, медициналық ұйымдар өздеріне тіркелген халық алдындағы міндеттемелерін қалай орындап отыр деген сұрақ туындайды. Иммунопрофилактика – балалар мен жалпы халықтың қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұл бағытта формалды көзқарасқа жол берілмеуі тиіс», – деді министр.
Мониторинг қорытындысы бойынша босандыру ұйымдарының қызметінде де талаптарға сәйкессіздіктер анықталған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына ағымдағы жылдың соңына дейін санитариялық қағидалар талаптарының бұзылуын жою тапсырылды. Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне барлық медициналық ұйымдарда иммунопрофилактика және инфекциялық бақылау талаптарының сақталуына қадағалауды күшейту міндеттелді.
Тапсырмалардың жеке бір бөлігі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты болды. Министр тиісті шешімін таппай отырған азаматтардың өтініштеріне назар аударды. Дәрігерлер мен қажетті жабдықтар болғанына қарамастан, пациенттер мамандардың қабылдауына жазылу мәселесіне байланысты қайта-қайта шағымданады. Сонымен қатар денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін жағдайларға қатысты өтініштердің бір бөлігі Ұлттық сараптама комиссиясына дейін жетпейді.
«Егер пациент бір мәселе бойынша бірнеше рет жүгінуге мәжбүр болса, демек, қолданыстағы бақылау тетіктері қажетті нәтижені қамтамасыз ете алмай отыр. Тәсілді өзгерту қажет: шағымдарды тіркеумен ғана шектелмей, олардың себептерін жойып, азамат үшін нақты нәтижеге қол жеткізу керек», – деді Ақмарал Әлназарова.
Халық тығыз орналасқан мегаполис үшін емханалардың нақты әрі тиімді жұмысы ерекше маңызға ие. Бұл – бейінді мамандардың қабылдауына уақтылы жазылу, кезек күту мерзімін қысқарту, диспансерлік бақылауды тиімді ұйымдастыру және стационарларға түсетін негізсіз жүктемені азайту.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Медицина қызметкері күніне арналған сөзінде медицинаның деңгейі мен қолжетімділігі халықтың өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіштері екенін атап өтті. Осы қағидатқа сәйкес біз медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, қызмет көрсету сапасын арттыру және кадрлық әлеуетті нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Медициналық көмектің сапасына қойылатын талаптар меншік нысанына қарамастан, барлық ұйым үшін бірдей болуы тиіс. Біздің басты міндетіміз – Алматының әрбір тұрғынын сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету», – деді қала әкімі Дархан Сатыбалды.
Отырысты қорытындылай келе, Ақмарал Әлназарова инфрақұрылымды дамыту медициналық көмекті ұйымдастырудағы сапалы өзгерістермен қатар жүруі керектігін атап өтті. Жаңа нысандар, заманауи медициналық жабдықтар мен цифрлық шешімдер тұрғындар үшін медициналық қызметтердің нақты қолжетімділігін қамтамасыз етіп, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруы тиіс.
Отырыстың қорытындысы бойынша Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесі үшін басым міндеттер айқындалды. Олар: медициналық-санитариялық алғашқы көмекті нығайту, кадр мәселелерін шешу, ғылыми және цифрлық әзірлемелерді енгізу, медициналық көмектің сапасын арттыру және бюджет қаражатын тиімді пайдалану болып табылады.









