Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорданың Кәсіпкерлер палатасы мен Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған «Адал кәсіпкер» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Байқау адал кәсіпкерлікті қолдауға, заңдылық пен іскерлік әдеп қағидаттарын дәріптеуге, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Үздіктерді анықтау үшін ведомствоаралық комиссия құрылып, оның мүшелері үміткерлер ұсынған құжаттарды бекітілген өлшемшарттар негізінде қарады. Іріктеу қорытындысы бойынша бес номинацияның жеңімпаздары белгілі болды.
Жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтарды Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин табыстады.
«Үздік өндірістік бизнес» номинациясында «СтальЦинк» ЖШС жеңімпаз атанды.
«Әлеуметтік жауапты бизнес» номинациясы бойынша «Technology and Innovation Hub» ЖК марапатқа ие болды.
«Үлгілі салық төлеуші» аталымында «AG TECH» ЖШС үздік деп танылды.
«Жауапты жұмыс беруші» номинациясында «Центральный дом бухгалтера №1» ЖШС жеңімпаз атанды.
Ал «Қауіпсіз бизнес» номинациясында «АРОМАТ» ЖШС үздік деп танылды.
Байқау заң талаптарын сақтап, салық міндеттемелерін адал орындайтын, қызметкерлерінің еңбек жағдайы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарайтын кәсіпорындардың тәжірибесін дәріптеуге бағытталған. Мұндай бастамалар адал кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастырып, елордадағы жауапты іскерлік ортаның дамуына ықпал етеді.
#законипорядок #заңментәртіп









