Бүгін Астанада еліміздің барлық өңірінен келген мыңнан астам медицина қызметкерінің, ғалымдардың, сала ардагерлерінің, қоғам қайраткерлерінің және медициналық жоғары оқу орындары өкілдерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара шеңберінде Республика күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай үздік медицина қызметкерлерін марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова саладағы барлық өзгерістердің басты мақсаты – адамға, оның денсаулығы мен қауіпсіздігіне қызмет ету екенін атап өтті.
Министр жаңа Конституция мен «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» сияқты негізгі мемлекеттік бағдарлар сенімді негіз қалыптастыратынын атап өтті. Бұл қағидаттар заңның пациентті де, дәрігерді де бірдей қорғауын, ал салауатты орта қалыптастыруды мемлекеттің тікелей міндеті ретінде қарастыруды көздейді.
Ол денсаулық сақтау саласында қол жеткізілген бірқатар маңызды көрсеткіштерге тоқталды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары деңгейге – 75,97 жасқа жетті. Ал 1991 жылы бұл көрсеткіш 67,6 жасты құраған болатын.
Осының арқасында Қазақстан күтілетін өмір сүру ұзақтығы бойынша Орталық Азия елдерінің арасында көш бастап отыр.
БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы Адам дамуы индексі жөніндегі есебінде Қазақстан «адам дамуының өте жоғары деңгейі» санатына енді. Ал 2026 жылғы ақпанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары Қазақстанның ұлттық реттеуші жүйесіне жетілудің 3-деңгейін берді. Осылайша, еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында бұл стандартқа қол жеткізген алғашқы ел атанды.
Тәуелсіздік жылдарында нәресте өлімі 4,5 еседен астам, ана өлімі 6 есе, ал туберкулезден болатын өлім 10 есе төмендеді.
Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы мен технологиялық жабдықталуында да ауқымды өзгерістер болды. Соңғы жылдары елімізде 1 259 жаңа медициналық нысан ашылды. Оның 800-ден астамы соңғы үш жылда пайдалануға берілді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 655 нысан салынды. Нәтижесінде 200-ден астам ауыл алғаш рет өз медициналық мекемелеріне ие болды.
Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығы және Орталық Азиядағы алғашқы Протондық терапия орталығы секілді ел үшін маңызды нысандар салынды. Алматыда Ұлттық ғылыми инфекциялық аурулар орталығы ашылды.
Мемлекет басшысының қолдауының арқасында заңнамалық бағытта да ауқымды жұмыс жүргізілді. 2025–2026 жылдары пациенттер мен медицина қызметкерлерінің мүддесіне арналған 9 негізгі заң қабылданып, медицина мамандарының құқықтық қорғалуы күшейтілді және олардың кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі енгізілді.
Сала мамандарын мемлекеттік қолдау көлемі шамамен 7 есе өсті. 2025 жылы 1 760 дәрігерге түрлі әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.
Іс-шарада тарихи жадыны сақтау мен ұрпақтар сабақтастығына да ерекше назар аударылды. Астана медицина университетіне Ұлттық университет мәртебесі мен Төрегелді Шармановтың есімі берілді. Ал Қарағанды медицина университетіне оның негізін қалаушы Петр Поспеловтың есімі берілді.
Мерекелік іс-шараның шарықтау шегі – адам өмірін сақтауға және отандық медицинаны дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін еліміздің үздік медицина қызметкерлерін марапаттау рәсімі болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес денсаулық сақтау мен медицина ғылымын дамытуға елеулі үлес қосқан, сала алдында ерекше еңбегі сіңген және ұзақ жылдар бойы еңбек еткен мамандар мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Сонымен қатар 2026 жылғы шілдеде Санжар Асфендияров атындағы жаңа ведомстволық награда – медаль бекітілді. Бұл марапат алғаш рет еңбек өтілі 30 жыл және одан да көп, кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлерге табысталды.
Аталған наградалар медицина қызметкерлерінің жоғары жауапкершілігіне, кәсіби біліктілігіне және өз мамандығына адалдығына берілген лайықты баға болып табылады.
2024 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы тағайындалды. Бұл атақ дәрігерлерге деген айрықша құрметтің символына айналды.
Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 80 мыңнан астамы – дәрігер, 190 мың мейіргер еңбек етеді.









