Республика күні қарсаңында Жетісу облысының Талдықорған қаласында жаңа қалалық емхана ашылды. Бір ауысымда 500 адамды қабылдауға арналған медициналық мекеме 62 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетіп, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ашылу салтанатына Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысты.
Өңір басшысы жаңа медициналық нысанның ашылуы денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Бес қабатты емхананың жалпы ауданы 11 562,7 шаршы метрді құрайды. Ғимарат магниттік-резонанстық және компьютерлік томографтармен, рентген және маммография аппараттарымен, заманауи зертханамен жабдықталған. Мұнда отбасылық денсаулық орталығы, күндізгі стационар және Талдықорғанда алғаш рет ашылатын амбулаториялық хирургия орталығы жұмыс істейді.
Емхана директоры Сәуле Құсмолданованың айтуынша, жаңа мекеме тұрғындарға медициналық қызметтің кең ауқымын бір жерде алуға мүмкіндік береді.
«Емханада отбасылық денсаулық орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар Талдықорғанда алғаш рет амбулаториялық хирургия орталығын ашу жоспарланып отыр. Мұнда аз инвазивті операциялар жүргізіліп, күндізгі стационар мен заманауи зертхана қызмет көрсетеді. Бұл тұрғындарға қажетті медициналық көмекті уақтылы алуға мүмкіндік береді», – деді Сәуле Құсмолданова.
Медициналық мекемеде 32 медициналық учаске жұмыс істейді. Штаттық бірліктердің жалпы саны – 445. Тұрғындарға жалпы практика дәрігерлері мен бейінді мамандардың консультациялары, учаскелік қызмет және диагностикалық зерттеулер ұсынылады. Ғимаратта қозғалысы шектеулі азаматтарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға да ерекше мән берілген.
Өңірде медицина кадрларын тарту жұмыстары да жалғасуда. Қалаға жұмысқа келген дәрігерлерге 5 млн теңге, ауылдық жерлерге барған мамандарға 10 млн теңге көлемінде біржолғы көтермеақы қарастырылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде дәрігер тапшылығы екі еседен астамға қысқарды.
Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде 149 жаңа медициналық нысан салынды. Оның 59-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Сонымен қатар 15 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтті. Соңғы төрт жылда әлеуметтік сала инфрақұрылымын жаңғырту деңгейі 55,8%-ға жетті.
Жаңа емхананың ашылуы өңірдегі медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға және тұрғындарға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жұмыстардың жалғасы болып табылады.









