РЕАНИМАЦИЯДАҒЫ 70 КҮН: ДӘРІГЕРЛЕР САЛМАҒЫ 679 ГРАММ НӘРЕСТЕНІ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

    1 / 4

    Реанимацияда 70 күн, өкпені жасанды желдету аппаратында 43 күн, СИПАП әдісімен тыныс алуды қолдау кезінде тағы 25 күн өткізген сәби ақыры анасымен қауышты. Алматы қаласындағы № 2 қалалық перинаталдық орталықтың мамандары салмағы небәрі 679 грамм болып туған шала нәрестені аман алып қалды.

    Ұл бала 2026 жылғы 8 тамызда жүктіліктің 26 аптасы мен 6 күнінде дүниеге келген. Анасы шұғыл түрде перинаталдық орталыққа жеткізілген. Жүктілік кезіндегі асқынуларға байланысты медициналық көрсетілімдер бойынша кесар тілігі жасалған.

    Өмірінің алғашқы минуттарынан бастап нәрестеге қарқынды медициналық көмек қажет болды. Осы уақыт бойы медицина мамандары оның жағдайын тәулік бойы бақылап, қажетті ем-дом жүргізді.

    Өмір үшін ұзаққа созылған күрестен кейін көптен күткен сәт туды: сәби реанимациядан шығып, анасының қасына жатқызылды.

    Қазір нәрестенің туғанына 75 күн болды. Салмағы 1 800 грамға жетті. Үшінші күн қатарынан анасымен бірге палатада жатыр.

    Бұл көрсеткіштердің артында дәрігерлердің тынымсыз еңбегі, тәулік бойғы күтімі және күн сайын ширап, нығайып келе жатқан кішкентай өмір тұр.

    Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында жаңа туған нәрестелер өлімінің ең төмен көрсеткішіне қол жеткізді. Тірі туған әрбір 1 000 нәрестеге шаққанда өлім көрсеткіші 3 жағдайды құрайды.


    Бұл – перинаталдық көмекті жүйелі дамыту, заманауи технологияларды енгізу және ана мен балаға медициналық қызмет көрсету жүйесін жетілдіру нәтижесі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі" жаңалықтары