АЛМАТЫДА 250 ТӨСЕКТІК ОНКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

    1 / 8

    Алматыда жаңа медициналық кешеннің құрылысы басталды. Оның құрамына 250 төсектік онкология орталығы бар көпбейінді аурухана және бір ауысымда 350 адам қабылдауға арналған клиникалық-диагностикалық орталық кіреді. Мұнда мегаполис тұрғындары тексеруден өтіп, онкологиялық ауруларды қоса алғанда, мамандандырылған медициналық көмек ала алады.

    Бүгін капсула салу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов қатысты.

    Салтанатты рәсімде министр онкологиялық аурулармен күрес денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

    «Әрбір онкологиялық диагноздың артында адам тағдыры, отбасы, сауығып кетуге және толыққанды өмір сүруге деген үміт тұр. Сондықтан біз үшін жаңа орталықтың құрылысы – жай ғана ғимарат салу емес. Бұл – мыңдаған адамға көмектесуге, ауруларды уақтылы анықтауға және заманауи ем ұсынуға мүмкіндік», – деді министр.



    Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында сұранысқа ие әлеуметтік нысандардың құрылысын жеделдетуді, рәсімдер мен шешімдер қабылдау үдерісінің созылып кетуіне жол бермеуді тапсырғанын еске салды.

    Бүгінде шамамен 2,4 миллион адам тұратын Алматы қаласы үшін жаңа медициналық нысандар салудың маңызы ерекше. Халық санының өсуімен қатар заманауи диагностикаға, мамандандырылған емге және қосымша стационарлық орындарға деген қажеттілік те артып келеді.

    Қазіргі уақытта диспансерлік есепте 38 мыңнан астам пациент тұр. Жыл сайын 3,5 мыңнан астам операция жасалады, олардың 70 пайыздан астамы – аз инвазивті әдістермен жүргізіледі.



    Жаңа кешен онкологиялық қызметтің мүмкіндіктерін кеңейтіп, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

    Құрылысты 2028 жылы аяқтау жоспарланған.

    Кешен құрамында тәулік бойы жұмыс істейтін 250 төсектік стационар, химиотерапия жүргізуге арналған 80 орындық күндізгі стационар және консультациялық-диагностикалық емхана болады. Сондай-ақ сәулелік терапия және химиотерапия бөлімшелері қарастырылған.

    Бұдан бөлек, роботтандырылған хирургия жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи операциялық блок, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі, эндоскопия және трансфузиология орталықтары ашылады.

    Диагностикаға ерекше көңіл бөлінеді. Орталық заманауи клиникалық-диагностикалық, молекулалық-генетикалық және патоморфологиялық зертханалармен жабдықталады. Бұл жоғары дәлдіктегі зерттеулер жүргізуге, ауруларды ерте кезеңде анықтауға және емдеу тәсілін пациенттің жеке ерекшеліктеріне қарай таңдауға мүмкіндік береді.

    Жобаның шеңберінде цифрлық медициналық архив, ахуалдық орталық және ісікке қарсы препараттарды дайындаудың автоматтандырылған жүйесі бар госпитальдық фармация бөлімшесін құру көзделген.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі" жаңалықтары