Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында өңірдегі цифрландыру саласының қазіргі жай-күйі, жүзеге асырылып жатқан жобалар және алдағы міндеттер қаралды. Жиын тікелей эфирде өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Атамұра Балтабайдың мәліметінше, өңірде аумақтарды қашықтан бақылауға, өрт ошақтарын, заңсыз қоқыс орындарын және өзге де құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік беретін дрондар инфрақұрылымы қалыптастырылуда.
-Биыл Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласына стационарлық дрондар, сондай-ақ шалғай аумақтарды бақылауға арналған бір мобильді дрон сатып алынды. Нәтижесінде жоба аясындағы дрондардың жалпы саны беске жетті. Бұдан бөлек, Ақтау қаласында аэрофототүсірілім жұмыстары жүргізілуде. Төтенше жағдайлар кезінде халыққа жедел хабар беру мақсатында облыста Mass Alert жүйесі іске қосылды. Жүйе Cell Broadcast технологиясы арқылы ұялы байланыс базалық станцияларының көмегімен белгіленген аумақтағы үйлесімді мобильді құрылғыларға ескерту хабарламаларын таратады, - деді Атамұра Балтабай.
Сонымен қатар, цифрлық технологияларды дамыту аясында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, Demo Day форматында әзірлеушілердің шешімдері қарастырылуда. Жобалар салалық басқармалардың қажеттіліктеріне қарай іріктеліп, оларды пилоттық режимде енгізу мүмкіндіктері бағаланады. Қазіргі уақытта Smart Data Ukimet, Smart Data Region, PULS AI және AI Startify бағыттары бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Өңірде IT-мамандарды даярлау, жастардың технологиялық бастамаларын қолдау және инновациялық жобаларды дамыту ісінде Mangystau Hub алаңы маңызды рөл атқарады. Жыл басынан бері орталықта 72 іс-шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында Mangystau IT Fest, Digital Mangystau IT Forum, Decentrathon, Eco Hackathon және Startup Battle бар. Сонымен қатар 160-тан астам мемлекеттік қызметші жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша оқудан өтті.
Жиында Smart City тұжырымдамасын іске асыру мәселесі де қаралды. Бастама қалалық қызметтерді цифрландыруға, түрлі жүйелердегі деректерді біріктіруге және қала инфрақұрылымын тиімді басқаруға бағытталған. Стратегия алты негізгі бағыт пен 21 базалық бастаманы қамтиды. Олардың қатарында қала мен өңірді басқару, қоғамдық қауіпсіздік, көлік және логистика, әлеуметтік сала, экология, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бар.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, жобаларды сапалы жүзеге асыру және осы бағыттағы жұмысты білікті мамандардың үйлестіруі маңызды екенін атап өтті.
-Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллектінің жаңа мүмкіндіктер құралы екенін атап өтті. Бүгінде әлеуметтік желілерде уақытты тиімсіз өткізу және оларға тәуелділік мәселесі де бар. Гаджеттер адамдардың уақытын алатын құрал емес, керісінше, жұмысты тиімді атқаруға мүмкіндік беретін технологияға айналуға тиіс. Сонымен қатар жобалық кеңсенің жұмысын тиісті біліктілігі бар мамандар жүргізуі қажет, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі









