Маңғыстауда балалар қауіпсіздігі мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүргізілуде

    1 / 6

    29 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Жиында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аударылды. Кеңес тікелей эфирде көрсетіліп, тұрғындар өз сауалдарын жолдады.

    Облыстық полиция департаменті бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Серік Айдаровтың айтуынша, өңірде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілуде.

    Құқық бұзушылық жасауға бейім жасөспірімдер профилактикалық есепке алынып, олармен жеке және сауықтыру бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, тіркелген құқық бұзушылықтар бойынша кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына 171 ұсыным жолданып, тиісті шешімдер қабылданған.

    -Балалар мен ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында 3 462 жиналыс ұйымдастырылып, оған 220 323 оқушы мен ата-ана қатысты. Сондай-ақ «111» байланыс орталығына кәмелетке толмағандарға қатысты шағымдар түсіп, әрбір өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылды, - деді Серік Айдаров.

    Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралар да тұрақты жүргізілуде. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін анықтау және олардың алдын алу үшін рейдтер ұйымдастырылып, профилактикалық жұмыстар қолға алынған.

    Сонымен қатар жүргізушілердің назарын аударып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін республикалық маңызы бар «Бейнеу - Тәжен» автожолының 84+150 шақырымында жол конструкцияларына төмен қарқынды лазерлік жүйелер біріктірілген.

    Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақбөпе Исқалиеваның мәліметінше, 2026-2027 оқу жылынан бастап өңірдегі барлық 216 білім беру ұйымында балалар арасындағы құқық бұзушылықтың, буллингтің және цифрлық алаяқтықтың алдын алуға бағытталған міндетті курстар енгізілген.

    -Жалпы саны 200 мыңға жуық оқушының 120 мыңнан астамы, яғни 5-11 сынып оқушыларына «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп», «Жеке қауіпсіздік» курстары және «Құқық негіздері» пәні оқытылады. Білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жергілікті полиция басқармасымен бірлесіп жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ 2026 жылғы 10–20 қыркүйек аралығында «Қауіпсіз білім беру ұйымы» онкүндігі ұйымдастырылды, - деді Ақбөпе Исқалиева.

    Кеңесте балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Несібелі Қуатованың мәліметінше, Маңғыстау облысында 0-17 жас аралығындағы 338 084 бала тұрады.

    Балалардың психологиялық саулығын бағалау және қауіптің алдын алу мақсатында республика көлемінде «BALAZHAN» платформасы іске қосылған. Осыған байланысты психологиялық қолдауды қажет ететін, платформада қызыл және сары аймақтарға жатқызылған балалармен жүйелі жұмыс жүргізудің маңыздылығы атап өтілді. Бұдан бөлек, «111» байланыс желісіне келіп түскен хабарламалар негізінде балалардың құқықтары мен қауіпсіздігіне қатысты жағдайлар зерделеніп, қажетті қызметтермен өзара іс-қимыл жұмыстары ұйымдастырылуда.

    Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын күшейтіп, бұл бағыттағы шараларды жүйелі түрде үйлестіру қажеттігін атап өтті.

    -Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау - баршамызға ортақ міндет. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін тек салдарымен күресу жеткіліксіз. Оның себептерін анықтап, әр баланың тәрбиесіне, бос уақытына және психологиялық жағдайына назар аудару қажет. Бұл ретте полиция, білім беру ұйымдары, ата-аналар және жауапты мекемелер өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Әрбір баланың қауіпсіз ортада өсіп, сапалы білім алып, өз құқығын білуіне жағдай жасауымыз қажет, - деді облыс әкімі.
    Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының әкімдігі" жаңалықтары